Жаңаөзенде гибридті электр станциясы салынып жатыр

Жаңаөзенде қуаты 247 мегаваттық гибридті электр станциясы салынып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Стратегиялық маңызы зор нысан күн, жел және газ энергиясымен жұмыс жасайды. Осы өңірде жұмыс сапарымен жүрген Парламент Сенатының депутаттары инновациялық жоба құрылысымен танысып, құрылыс-монтаж жұмыстарының межелі мерзімде аяқталуына сенім білдірді.

Жоба құрылысы былтыр басталды. Бұл отандық және итальяндық компаниялардың бірлескен жұмысы. Жоспар бойынша күн электр станциясы 50, жел станциясы 77, ал газ станциясы 120 мегаватт қуатпен энергия береді деп көзделген. Заманауи үлгідегі энергетикалық нысан Жаңаөзендегі мұнай кәсіпорындары мен газ өңдеу зауытын токпен тұрақты қамтамасыз етуі тиіс. Гибридті станция іске қосылған соң жаңа жұмыс орындары құрылады.

Жаңабай Аймағанбетов, қала әкімінің уақытша міндетін атқарушы:

- 2024 жылы бұл жобаны жүзеге асыру басталды. Міне, қазір соның жұмысы қазіргі таңда қарқынды жүріп жатыр. Толық қолданысқа берілгеннен кейін Жаңаөзен қаласы 247 мегаватт токпен толық қамтамасыз етіледі. Мұнымен қоса 150-ден астам қала тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылады деген үлкен мәселе де шешіледі.

Бүгінде мердігер станцияның алғашқы кезеңін жүзеге асырып жатыр. Құрылыс алаңына күннен ток алатын құрал-жабдықтарды жеткізген.

Сенатор Бекбол Орынбасаровтың айтуынша, инновациялық жоба маневрлік қуат көздерін құруға мүмкіндік береді. Олар көмір жағу арқылы ток өндіретін энергетикалық нысанға қарағанда экологияға зияны аз. Көп шығынды да қажет етпейді.

Бекбол Орынбасаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Өзенмұнайгаз, сосын Қазақ газ өндіру деген екі үлкен мекеме бар. Қазіргі таңда МАЭК-ке қатысты энергиясын алып отыр. Кей кезде электр энергиясын шектеу деген мәселе болса, жалпы өндірістің қалыпты жұмыс жасап тұруына үлкен әсерін тигізеді. Шығындарға батады деген сияқты. Ол әр жағында салық түсіміне әсер етеді. Жоба 2-3 жылда бітеді деген сенімдеміз.

Тәуліктің екінші жартысында Парламент Сенатының депутаттары Жаңаөзен тұрғындарын қабылдап, толғандырған мәселелеріне құлақ түрді. Көтерілген сауалдың дені мүгедектігі бар адамдар мен осы санаттағы азаматтарға күтім жасайтындарға жәрдемақы төлеу, денсаулық сақтау саласын қамтыды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев