Жұмысшы мамандықтарға жастарды тарту көзделеді
Елде жұмысшы мамандарға сұраныс жоғары. Мәселен, құрылыс саласында 10 мың сылақшы жетіспейді. Ауыл шаруашылығында 7 мың тракторшы мен 5 мыңға жуық бақташы керек.
Ал өңдеу өнеркәсібіндегі ең қат маман – дәнекерлеуші. Кәсіпорындарда 3 мың 500 дәнекерлеуші-нің орны бос тұр. Сұраныс алдағы жылдары өсе бермек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, алдағы алты жылда жұмысшы маманға сұраныс 400 мыңға жетеді. Жалпы, кадр тапшылығын жою және маман сапасын көтеру бағытында қандай жұмыс жүріп жатыр?
Кадр даярлаудағы халықаралық әріптестік
Елде кадр даярлауда шетелмен әріптестік жолға қойылды. Яғни техникалық және кәсіптік білім беруде 10 халықаралық бастама қолға алынды. Осы уақытқа дейін сегіз елмен елуден аса меморандум жасалды. Бұлардың қатарында Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Түркия, Жапония, Ұлыбритания, Грузия және Ресей бар. Бұл жобаларға өңірлердегі жиырмадан астам колледж қатысып отыр. Сондай-ақ жұмысшы мамандарды даярлауға арналған 8 мыңнан астам бағдарлама әзірленді. Бұл үшін арнайы реестр түзілді. Реестрде 181 мамандық бойынша бағдарлама бар. Ал жаңа оқу жылында тағы 3 мың бағдарлама әзірлеу жоспарланып отыр.
Әсет Мұханбетов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі департаментінің директоры:
- Біз әрбір білім беру бағдарламасының қазіргі еңбек нарығы талаптарына сай болуына ерекше назар аударамыз. Шамамен 2 500 бағдарлама дуалды оқытуға бағытталса, 70 бағдарлама ерекше білім беру қажеттілігі бар жандарға арналған. Колледждер инженерия, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, қызмет көрсету, бизнес және басқару салаларындағы бағдарламаларды жиі ұсынды. Бағдарламаларды сараптауға педагогтер мен жұмыс берушілер қатысты.
Колледждер нарықтағы сұранысқа бейімделді
Әрине, шетелмен әріптестік мамандардың сапасын арттыратыны анық. Дегенмен, кейінгі жылдары елде кадр тапшылығы байқалып отыр. Мәселен, Еңбек министрлігінің ақпараты бойынша алдағы алты жылда нарықтағы тапшылық 1 млн 600 мыңға жетуі мүмкін. Мұның ішінде 900 мыңға жуық кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкер, 400 мыңнан астам жұмысшы маман қажет болады. Қазір құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және денсаулық сақтау саласында маман жетіспейді. Бұл жерде дәнекерлеуші, сылақшы, тракторшы мен бақташыны табу қиын. Әрине, жауапты министрлік тапшылықты жоюға тырысып отыр.
Мадияр Алдияров, ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік-еңбек саласын талдау департаментінің бас сарапшысы:
- Болашақтағы орын алатын мүмкін тапшылықты алдын алудың кешенді іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Біріншіден, ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан жобалардың инновациялық навигаторы іске асырылып жатыр. Яғни мемлекеттегі жүзеге асырылып жатқан барлық инвестициялық жобаларды талдап, білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы сәйкессіздікті алдын алу шаралары деп айтуға болады.
Жұмысшы мамандықтарға жастарды тарту көзделеді
Маман тапшылығы халқы аз өңірлерде айқын сезіліп тұр. Министрлік өкілінің айтуынша, солтүстік пен шығыста бос жұмыс орны баршылық. Ал оңтүстік өңірлерде жұмыс таппай жүргендер көп. Маман тапшылығын жоюдың бір құралы – қайта бейімдеу курстары. Бұл курстар қысқа уақытта маман даярлауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жоғары сынып оқушыларын кәсіптік бағдарлау да қолға алынды. Мәселен, «Мансап» компасында жастар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алады. Яғни мамандыққа сұранысты, жалақы көлемін және басқа да қыр-сырын біле алады.
Мадияр Алдияров, ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік-еңбек саласын талдау департаментінің бас сарапшысы:
- Әрбір өңірде қай салада қандай сұраныс бар екенін толыққанды көре алады. Ол мамандықтарға қойылатын талаптар, дағдылар және соларды қайдан үйренуге болады, қандай білім беру мекемелерінде немесе басқа да, мысалы қысқа мерзімді, ортамерзімді курстардан өтуге болады.
Сауда саласында еңбек ететіндер көп
Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында еңбекпен қамтылғандар саны 9 млн-нан асты. Басым бөлігі сауда саласында нан тауып жүр. Саудамен айналысатындар үлесі 17 пайызға жетті. Сондай-ақ білім беру, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығында еңбек ететіндердің де үлесі басым.
Жұмыспен қамтылғандар үлесі
Сауда – 17%
Білім беру – 13,4%
Өнеркәсіп – 12,5%
Ауыл шаруашылығы – 10,3%.