Әуе компаниялары бірінші жартыжылдықта жеті млн астам жолаушы тасымалдаған

Биыл алғашқы жартыжылдықта қазақстандық авиакомпаниялар 7 миллионнан астам жолаушы тасымалдаған.

Өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға көбейгені байқалады. Бұл туралы авиация саласын дамыту мәселелері бойынша Премьер-министрдің қатысуымен өткен жиында айтылды. Президент тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның авиациялық хаб ретіндегі рөлін күшейту шаралары жүріп жатыр. Салаға шамамен 3 млрд долларға жуық инвестиция тартылады. Бұл қаражат туристік аймақтарда, атап айтқанда, Катон-Қарағай, Зайсан, Кендірлі және Арқалықта жаңа әуежайлар салу, 10 ұшу-қону жолағы мен 10 терминалды жаңғырту, техника паркін жаңарту жұмыстарына жұмсалмақ. Сондай-ақ жиында жүк авиакомпаниясын құру жобасы қаралды. Бұл бастама әлемдік жүк тасымалы нарығының тұрақты өсуіне байланысты қолға алынып отыр. Алғашқы рейс келер жылдың еншісінде. Үкімет басшысы барлық дайындық процестерін барынша жеделдетуді тапсырды.