КПО компаниясы Оралда аймақтық инвестициялық форум өткізді

КПО компаниясы Қарашығанақ кен орны жобаларына, қазақстандық кәсіпкерлерді тартуда белсенділік танытып келеді. Былтыр тауар, жұмыс және қызмет бойынша келісімшарттардағы жергілікті қамту үлесі 65%-ке жеткен. Бұл туралы бүгін Оралда өткен аймақтық инвестициялық форумда баяндалды.

«KПО-ның стратегиялық мақсаттарын іске асыру» атты бүгінгі инвестициялық форум кен орнын игеру жұмыстарындағы жергілікті компаниялардың үлесін арттыруды көздейді. Шарада сөз алған компанияның  бас директоры Марко Марсили бұл бағытта елеулі жетістіктер бар екенін атап өтті. Өткен жылы тауар, жұмыс және қызмет жеткізу бойынша келісімшарттардағы жергілікті қамту үлесі 65%-ке жеткен.

Марко Марсили, КПО компаниясының бас директоры:

- Соңғы 5 жылда қызмет көрсетуде біздер 522 компаниямен әріптестік орнаттық, жалпы сомасы 8,7 млрд теңгеге 1300 келісімшарт жасастық. Ал тауарларды тікелей сатып алуға келсек, бұл көрсеткіш 8%-тен 18%-ге жетті. 1997 жылы өнімді бөлу туралы түпкілікті келісім күшіне енген сәттен бастап КПО-ның тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға жұмсаған шығындарындағы жалпы жергілікті қамту көлемі 10,1 миллиард АҚШ долларынан асты. Қазіргі таңда КПО жергілікті қамту үлесін дамытуда жүйелі тәсілді қалыптастырды.

Отандық тауар өндірушілерді қолдаудың жаңа тетіктері қандай, жаңа жобаларға жергілікті кәсіпкерлер қалай қатыса алады? Бүгінгі форум барысында қатысушылар сарапшылардан осы сауалдарға жауап алды.

Ескендір Ағыбаев, кәсіпкер:

- КПО-мен ұзақ жылдар қарым-қатынаста істеп жатырмын. Сонымен қатар біздің Астанада және Оралда өндірісіміз бар. Минифильтр және детекторлар өндіреміз. Компанияның көпжылдық мердігері болғандықтан, ішкі процедураларын бәрін білеміз. Сондықтан соңғы тендерлеріне қатысып келеміз.

КПО компаниясының сатып алатын тауарларының қазір 18% Қазақстанда шығарылған. «2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 30% жеткіземіз», – дейді компания басшылығы.

Мұхтар Манкеев, КПО компаниясы бас директорының орынбасары:

- Мақсатымыз – ішіміздегі сатып алу жүйесін көрсету. Сатып алу жүйесі дегеніміз өндірістік компания болған соң жергілікті компаниялардан жылына көптеген тауар, жұмыс, қызметті контракт арқылы сатып аламыз. Сондықтан қандай бағытпен жұмыс жасап келе жатырмыз, жаңа жобаларымыз қандай? Күнделікті операциялық жұмыстарымыз қандай? Толықтай нақты ашық түрде жеткізгіміз келіп жатыр. Олар ақпарат алу керек, біздің техникалық параметрлерімізді білу керек, қандай стандарттармен жұмыс жасайтынымызды білу керек.

Тақырыптық кездесулер барысында кәсіпкерлер әріптестік мәселелерін техникалық тұрғыдан талқылап, кәсіби байланыстар аясын кеңейтті. Форум қорытындысында жергілікті қамту үлесін ұлғайтудың перспективалық бағыттары айқындалды. КПО халықаралық консорциумы жергілікті қамту үлесін арттыруды басты стратегиялық міндеттердің бірі санайтынын тағы бір мәрте растады.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов