Транзиттік жүк көлемі 100 млн тоннаға жетуге тиіс

Алдағы жексенбі ел халқы Көлік саласының қызметкерлері күнін атап өтеді.

Әрине, Еуразияның қақ ортасындағы еліміздің логистикалық әлеуеті жоғары. Бүгінгі күннің басты міндеті – осы әлеуетті барынша пайдаға жарату. Сондықтан көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту үлкен маңызға ие болып отыр. Еңбекпен қамтылған ел азаматтарының 10 пайызға жуығы салада тер төгіп жүр. Яғни бүгінде көптің аузында жүрген ауқымды жобалардың жүзеге асуы – осы жандардың мойнындағы міндет. Салада қандай жаңалық бар?

Иә, көлік-логистика саласына кейінгі жылдары баса көңіл бөліне бастады. Мәселен, бес жылда 118 жоба жүзеге асуға тиіс.

Транзиттік жүк көлемі 100 млн тоннаға жетуге тиіс

Алдағы бес жылда транзиттік жүк көлемі 100 млн тоннаға жетуге тиіс. Үкімет алдына осындай міндет қойып отыр. Қазір елде 5 теміржол және 8 автокөлік дәлізі жұмыс істеп тұр. Былтыр ел арқылы 34 млн тонна жүк өтті. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 6 пайызға көп. Басым бөлігі, яғни 80 пайызы теміржолға тиесілі. Ал қалғаны автокөлікпен тасымалданған. Кейінгі бес жылда транзит көлемі 50 пайызға өсті. Транскаспий дәлізіндегі тасымал 6 есе ұлғайды. Мұнда шығыстағы көршіміздің үлесі жоғары. Былтыр Қытайдан Еуропаға жеткізілген жүк көлемі 62 пайызға артып, 4,5 млн тоннаға жетті.

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Біздің алдымызда тұрған мақсат 2029 жылға дейін Қазақстан арқылы, яғни транзит жүктердің көлемін 100 млн тоннаға дейін үлкейту. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Осының аясында жұмыстарды атқару үшін бірқатар жоба іске асып жатыр. Ол бірінші кезекте теміржол желілерін салу, дәліздерді дамыту, әуе хабтарын дамыту, жүк тасымалдауға арналған әуе компаниясы да салынып жатыр.

Транзиттік жүк тасымалы

8 теміржол дәлізі

5 автокөлік дәлізі

Жүк көлемі – 34 млн тонна

Теміржол – 80%

Автокөлік – 20%

Ауқымды жобалар басталды

Биыл Достық-Мойынты екінші жолы және Алматы айналма теміржолы қолданысқа беріледі. Келесі жылы Дарбаза-Мақтаарал бағыты іске қосылуға тиіс. Сондай-ақ Мойынты-Қызылжар және Бақты-Аягөз бағыттарындағы жолдар құрылысы жүріп жатыр. Бұл жолдар қосымша 10 млн тонна жүк тасуға жол ашады. Сондай-ақ автожолдарға көңіл бөліне бастады. Биыл Астана-Ырғыз күрежолының құрылысы басталды. Жалпы, биыл елде 12 мың шақырымнан астам жол салынып, жөнделуге тиіс. Министрлік салынған жол сапасын қадағалауда жаңалық енгізе бастады. Мәселен, жүк көліктерінің салмағын бақылайтын автоматты өлшеу станциялары қойылып жатыр.

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Былтырдың өзінде Астананың ең басты кіреберіс, шығаберіс 7 жолы бар, сонда автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнаттық. Сосын бір жыл өткеннен кейін қарап тұрсақ, хаттама саны 12 есеге артқан. Яғни, бұл дегеніңіз 12 есе біздер факторларды анықтап отырмыз, жүк тасымалдаушылардың нормаларды сақтамауын, яғни 25 тоннадан астам жүкті тиеп алуы деген сөз.

118 жобаға 75 мың адам қажет

Әрине, бұл жаңашыл технологияларды енгізуге кадр керегі белгілі. Салада маман тапшылығы байқалып отыр. Мәселен, 2030 жылға дейін жоспарланған 118 жобаға жаңадан 75 мың жұмыс күші тартылады. Мұның ішінде 25 жаңа мамандық бар. Бұлар көбінесе цифрлық технологияны меңгерген мамандар. Бүгінде көлік-логистика саласында 772 мың адам еңбек етеді. Олардың басым көпшілігі теміржолда тер төгіп жүр. Қазіргі таңда маңызды мәселенің бірі – мамандықтың мәртебесін көтеру, жастарды көптеп тарту. Сондықтан кейінгі екі жылда салаға арнайы грант бөліне бастады.

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі

- Қазақстанда климатқа қарай жол-құрылыс маусымы алты ай ғана. Бұл дегеніміз, мәселен, алты ай адам қызу жұмыс жасаса, алты ай басқа жұмыста жасауы керек немесе жұмыс жасамауы керек деген сияқты. Сондықтан әрбір теміржолшы болсын, жолшы болсын, әуе саласының маманы болсын, спецификасына байланысты әрине, оны қарау керек. Тапшылық болады. Осы тапшылықты жою үшін де біздер арнайы бакалавриат мамандығын жандандырып, былтыр бір мың грант бөлсек, биыл 750 грант бөлдік.

34 мың жас көлік-логистика саласында білім алады

Кейінгі жылдары көлік-логистика саласына оқуға түсетіндер саны артып келеді. Қазір 34 мың студент оқып жатыр. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 14 пайызға көп. Былтыр бітірген түлектердің 88 пайызы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасты.  

Көлік-логистика мамандарын даярлау

37 ЖОО – 19 мың студент

39 колледж – 15 мың студент

88% жұмыспен қамтылды