Фармацевтикаға тартылған инвестиция 9,5 есе өсті
Ел нарығы шетелдік фармацевтикаға тәуелді.
Дәріханаларда шетелдік дәрілердің үлесі көп. Мәжіліс депутаттарының мәліметі бойынша дәрі-дәрмектің 80 пайызы сырттан әкелінеді. Ал іргелес Ресей мен Беларусь елдерінде жергілікті өнімнің десі басым, дейді олар. Осы орайда отандық фармацевтиканың аяқалысы қандай деген сұрақ туады.
Ел дәріханаларындағы дәрі-дәрмектің 80 пайызы шетелден әкелінеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков айтқан еді. Депутаттың сөзіне сүйенсек, импортқа тәуелділік денсаулық сақтау жүйесіне қауіп төндіреді. Яғни жаһандық дағдарыс күшейіп, логистикада қиындық туындаса, тұтас ел дәрі-дәрмексіз қалуы мүмкін. Оның үстіне валюта қымбаттап кетсе, халіміз тіпті мүшкіл болмақ. Депутаттың айтуынша, отандық өндіріс ішкі нарықты қамти алмай отыр. Ал бірнеше жыл бұрын қойылған міндеттердің орындалатын түрі жоқ.
Данабек Исабеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Президент 2025 жылға қарай отандық өндірістегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлесін 50 пайызға дейін жеткізуді тапсырды. AMANAT партиясы өз Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасында 2023 жылы отандық дәрі-дәрмектер үлесін 33 пайызға, ал 2024 жылы 35 пайызға дейін арттыруды мақсат етіп қойды. Алайда Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2023 жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарықтағы отандық препараттардың үлесі небәрі 14,5 пайызды құрады.
Фармацевтикаға тартылған инвестиция 9,5 есе өсті
Депутат отандық фармацевтиканы қолдауды күшейту қажет дейді. Айтуынша, мемлекеттік қолдаудың арқасында көрші елдерде өндіріс айтарлықтай дамыған. Мәселен, Ресейде жергілікті дәрі-дәрмек үлесі 64 пайызға жетсе, Беларусь елінде 55 пайызды межелеп отыр. Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігі де тиісті жұмыстар жүріп жатқанын хабарлады.
Мәселен, былтыр фармацевтика өндірісі 22 пайызға жуық өскен. Барлығы 170 млрд теңгеден астам өнім өндірілді. Сондай-ақ әлемдік алпауыт өндірушілерді елге тарту қолға алынды. Соған орай кейінгі 7 жылда инвестиция сомасы 9,5 есе өсті. Ал былтыр 91 млн доллардан асты. Бұл 2023 жылғы көлемнен екі есе артық. ЦИТАТА.
Жергілікті фармацевтика үлесі
Ресей – 64%
Беларусь – 55%
Фармацевтика өндірісі
Өнім – ₸171,6 млрд
Өсім – 21,8%
Инвестиция: 2023 жылы – $46,9 млн
2024 жылы – $91,3 млн
ЦИТАТА.
Біз үшін инвестицияның көлемі ғана емес, оның сапасы, тұрақтылығы мен инновациялық сипаты маңызды. Қазақстан медициналық инновациялар мен медициналық қызметтер экспорты бойынша өңірлік хабқа айналуды көздейді. Біз ұсыныстарға ашықпыз, алғашқы келіссөздерден бастап нақты келісімдерге дейін барлық деңгейде диалог жүргізуге дайынбыз.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі
Дәрі-дәрмек бағасы 30% төмендейді
Қазір елде халықаралық компаниялармен бірлескен жобалар бар. Осы орайда жалпы құны 30 млрд теңгеге бірнеше кәсіпорын іске қосылды. Соның арқасында 4 препараттың өндірісі қолға алынды. Бұдан бөлек құны 656 млн доллар болатын 7 инвестициялық жоба қаралып жатыр.
Қолдағы жобалар дәрі-дәрмек бағасын төмендетуге ықпал етуге тиіс. Сондай-ақ бағаны тізгіндеу мақсатында шекті бағаларды реттеуді жаңа тәртібі енгізілді. Бұл тәсіл тегін дәрі-дәрмекпен қатар, еркін саудадағы өнім тапшылығын жоюға тиіс.
ЦИТАТА.
Шекті бағаларды реттеудің жаңа тәртібі мемлекеттік тегін бағдарламалар аясындағы дәрілерге де, көтерме-бөлшек желі арқылы сатылатын препараттарға да қолданылады. Амбулаториялық және стационарлық емге арналған тегін дәрілер тізімінде бағаны 19 пайызға дейін, ал бөлшек дәріхана сегментінде 30 пайызға дейін төмендету көзделген.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі
Инвестициялық жобалар
₸30 млрд – 4 препарат өндірісі
$656 млн – 7 жоба
80 млн дәрі-дәрмек айналымнан алынды
Сондай-ақ дәрі-дәрмекті таңбалау да нарықтағы заңсыз өнімді азайтуға серпін бермек. Осы кезге дейін 366 млн орама таңбаланды. 80 млн-нан астамы айналымнан алынды. Жалпы жаңа жүйе әрбір дәрінің қозғалысын қадағалауға ыңғайлы. Бұл нарықты жалған өнімнен қорғауда тиімді болып отыр.