Ақмола облысында екі тауарлы сүт фермасы ашылады

Ақмола облысында биыл екі тауарлы сүт фермасы ашылады.

Оның бірі Атбасарда, енді бірі Зеренді ауданында салынып жатыр. Жаңа нысандар толық іске қосылса, өңірдегі сүт өндірісі 40 пайызға дейін артады.

Жаңа сүт-тауарлы ферманың бірі Атбасар ауданына қарасты Бастау ауылында салынып жатыр. Алып кешен мың екі жүз бас сиырға арналған. Ферма толық заманауи құрылғылармен жабдықталады. Серіктестік басшысы жергілікті 40 адамды жұмыспен қамтуды көздейді. Нысан жылдың соңында пайдалануға беріледі. Айталық, бұл жоба Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асып отыр.

Данияр Мұқышев, "Бастау" серіктестігінің директоры:

- Жоба құны 7 жарым миллиард теңге. Оның 3 млрд теңгесінің жеңілдетілген несие арқылы мемлекет өтеді. Біз сияқты кәсіпкерлерге бұл үлкен қолдау. Небәрі 2,5 пайызбен 10 жылға есептелген.Үлкен қолдау деп айтар едім. Қазір сүт тапшылығы сезілетіні жасырын емес. Сондықтан осы олқылықтың орнын толтыратындай жұмыс істейміз. Отандық өнімнің үлесін арттыруды көздейміз.

Аймақта 47 сүт зауыты бар. Олар жылына 200 мың тоннадан аса дайын өнім шығарады. Сондай-ақ былтыр жеңілдетілген несиелендіру есебінен 5 инвестициялық жоба жүзеге асқан. Игі жоба биыл да жалғасын тапты.

Аружан Қайырбек, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бөлім басшысының м.а:

- Биылғы жылы жеңілдетілген кредит СҚО тәжірибесін тираждау бағдарламасы аясында 17 млрд теңге көлемінде республикалық бюждеттен қаражат бөлу көзделген. Бұл қаражат есебінен сүт тауарлы фермаларын салу және кеңейту жоспарланған.

Өңірде сүт өңдейтін 15 ферма жұмыс істейді. Бүгінде олардың орташа жүктемесі тек 67 пайыз ғана. Ал аталған нысандар ел игілігіне берілсе өнім қуаты артып, 90 процентке дейін жетеді, дейді жауаптылар. 

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко