Қазақстанда Samsung тұрмыс техникасы шығарыла бастады

Қарағанды облысының Сарань қаласындағы Silk Road Electronics зауыты Samsung теледидары мен кір жуғыш машинасын шығара бастады.

Бұл ауқымды жоба Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықтың жемісі. Сондай-ақ отандық тұрмыстық техника өндірісінің жетістігі деуге болады. Айта кетейік, екі елдің экономика саласындағы серіктестігі тоқсаныншы жылдардан бері тұрақты дамып келеді. 

Сарань қаласында 2 жыл бұрын ашылған тұрмыстық техника зауыты қарқынды дамуда. Кәсіпорында Samsung брендінің қашықтан басқаруға болатын, жуу режимі оңтайландырылған кір жуғыш машинасы мен Smart  теледидары шығарыла бастады. Өндіріс халықаралық сапа стандартына  сәйкес  заманауи желімен жабдықталды.

Юджин Джонг, "Samsung Electronics Central Eurasia" компаниясының президенті:

- Samsung өнімдерін шығару  бойынша келіссөздер сәтті болды. Соның нәтижесінде   жобаны жүзеге асырып отырмыз. Біздің компания Қазақстан нарығында 1999 жылдан бері жұмыс істейді. Менің білуімше Samsung өнімдерін шығаратын алғашқы кәсіпорын. Біздің мақсат- сапалы әрі көп түрлі өнім шығару.

Кәсіпорын келешекте жылына 1 100 000 тұрмыстық техника шығаруды жоспарлап отыр. Мұнда 300 адам еңбек етеді. Жаңа  желі іске қосылғаннан кейін,   тағы 60 адам жұмысқа қабылданады. Алғашқы кезеңде зауытта Samsung өнімдері бойынша теледидардың 21, кір жуғыш машинаның 17 түрі жасалады.

Александр Критский, "Silk Road Electronics" зауытының директоры:

- Соңғы алты ай бойы  шетелден келген  Samsung компаниясының 20 қызметкері осында болды. Олар жұмысшыларды оқыту, сапаны аудиттеу және өндірістік желілерді зерттеуге қатысты. Жыл соңына дейін 10 маман жұмысын жалғастырады. Кейін бірнешеуі тұрақты түрде қалады. 

Өзімізде шығатын Samsung тұрмыстық техникасы қыркүйек айынан бастап дүкендердегі импортты алмастырады. Тұтынушылар үшін баға арзандайды,-деді кәсіпорын басшылары. Жаңа желінің салтанатты ашылуы кезінде алғашқы теледидар Сарань қаласындағы мектеп интернатқа, ал кір жуғыш машина «Алау» балалар клубына сыйлыққа берілді.

Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит