Елдің алдағы үш жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму болжамы

Келер жылы ел экономикасы 5,4% өседі.

Ал одан кейнгі жылдары орташа жылдық өсім 5,3 % шамасында сақталады. Бұл туралы  Вице-премьер - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты. Бүгін Үкімет алдағы үшжылға арналған  негізгі экономикалық болжамдарын жариялады. Бюджет тапшылығы 2029 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты біртіндеп 0,4%-ға дейін төмендеп 2030 жылдан бастап нөлдік деңгейге жетеді деп болжанып отыр.

Рухани Әбдірахман, тілші:

- Келер жылы республика бюджетіне 19,2 трлн теңге кіріс түседі. Одан кейін жыл сайын 2 трлн теңгеге ұлғайып отырады. Ұлттық экономика министрлігінің болжамы осындай. Ал табысты арттыруға инфляция ырық бере ме? 2026 жылы ол 10,0% дан аспауы тиіс. 2027 және 2028 жылдары елдегі инфляция 6,0% сатысында сақталады деп күтіліп отыр. 

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі:

- Бюджет тапшылығы 2028 жылы ЖІӨ-ге қатысты 0,9%-ға дейін төмендей отырып, 2026 жылы ЖІӨ-ге 2,5% деңгейінде айқындалды. Мұнай емес тапшылық ЖІӨ-ге қатысты 4,9%-дан ЖІӨ-ге қатысты 2,7%-ға дейін қысқарады. Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары 2026 жылы 27,7 трлн теңгені, 2027 жылы – 28,8 трлн теңгені және 2028 жылы 29,8 трлн теңгені құрайды. Кірістер мен шығыстардың осындай көлемдері кезінде бюджет нысаналы трансферт түрінде Ұлттық қордан қосымша қаражат тартудың қажеттілігінсіз өзін-өзі қамтамасыз етеді.

Шығындарды қатаң бақылауда ұстау керек. Сондай ақ бюджет қаражатын барынша тиімді және уақтылы игеру маңызды. Үкімет басшысы межеленген паралметргерге уақытылы қол жеткізуді барлық мемлекеттік орган басшыларына тапсырды. Ал алдағы үш жылда экономиканың өсуін ынталандыруға бағытталған шығыстар ұлғайтылады. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мұндай шығыстар осы жылмен салыстырғанда келесі жылы жалпы шығыстар құрамында шамамен 11%-дан 16%-ға дейін өсіп отыр. Бұл өз кезегінде жалпы ел үшін маңызы бар инфрақұрылымдық жобалар, бизнесті ынталандыру мен мемлекеттік қолдау шараларынан тұрады. Осы шығыстар өңірлердің дамуына және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсерін тигізеді. Республикалық бюджет жобасы мен жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру барысында жаңа Бюджет және Салық кодекстері ескерілгенін атап өту маңызды.

Бұған дейін Президент бюджеттің теңгерімді болуын тапсырған. Оны республикалық және жергілікті деңгейлерде сапалы жоспарлау аса маңызды. Үкімет әзірлеген 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді болжамдар мақұлданды. Құжат енді ел Парламентіне жолданады.