Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі
Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы 35 жылға жуықтады, деп хабарлайды 24kz.
Осы уақыт ішінде екі елдің сауда-экономикалық, стратегиялық әріптестігі нығая түсті. Бүгінде Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне айналған. Тығыз байланыстың арқасында тауар айналымы ұлғайып жыл сайын рекорд тіркеледі. Бірлескен инвест-жобалар саны да өсуде.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қазір қытайлық компаниялардың Қазақстанның бизнес-климатына деген сенімі артқан. Оған бірінші кезекте мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтар кепіл болды. Сауда-экономикалық, инвестициялық ынтамақтастықты арттыруға бағытталған нақты іс-шаралардың арқасында бірлескен инвест-жобалар саны көбейді.
Қазір Қазақстанда жұмыс істеп жатқан қытайлық компания саны 5 мыңнан асты. 2005 жылдан бері бұл мемлекеттен елімізге тартылған инвестиция көлемі 30 млрд АҚШ долларға жуықтады. Бүгінде Қазақстан аумағында жалпы құны 66 миллиард доллардан асатын 224 жоба жүзеге асырылып жатыр. Ал сауда айналымы биыл алғашқы жартыжылдықта 22 млрд АҚШ долларға жуықтады. Оның ішінде 14 миллиарды импорт қалғаны экспорттық тауарлар. Қытай нарығына көбінесе минералды өнімдер, металл, химиялық өнімдер ауылшаруашылығы өнімдері шығарылады. Ал Қазақстанға көлік-техника, қондырғылар, текстиль сияқты заттар импортталған. Бұл салаға Шанхай ынтымақтастық ұйымы деңгейінде де ерекше мән беріліп отыр. Осы бағытта биыл ұйымға мүше мемлекеттерде 120-дан астам іс-шара өткізілген.
Нұрлан Ермекбаев, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы:
- Қытай биылғы төрағалықтың негізгі тақырыбы ретінде тұрақты дамуды ұсынды. Бұл тақырып БҰҰ жаһандық басымдықтарымен үндеседі. Сондықтан мәдени-гуманитарлық, кедейлікпен күрес, білім беру және денсаулық сақтауға айрықша назар бөлінді. Сонымен қатар сауда-экономикалық ынтымақтастық та алдыңғы қатарға шықты. Қазақстан ШЫҰ-тың негізін қалаушы мемлекеттердің бірі ретінде біздің ынтымақтастығымызда өте үлкен рөл атқарып келеді деп айтуға болады.
Ресми статистикаға сәйкес өткен жылы Қытай Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдермен 890 миллиард долларға сауда жасасқан. Енді осы әлеуетті арттыру мақсатында көлік-логистикалық байланысты еселеуге мән берілуде. Қазақстан Қытай – Еуропа, Қытай – Орталық Азия бағытындағы жүк тасымалдау тізбегінде маңызды рөлге ие. Транзиттік жүктің 80%-і біздің елмен өтеді. Жыл басынан бері порт арқылы 6600-ден астам жүк пойызы қатынаған.
Вукулай Кадеали, Көлік-экспедиторлық компания директоры:
- Қытай – Еуропа, Қытай – Орталық Азия бағытында жүк тасымалы жылдан жылға өсіп келеді. Пойыздар ірі көлемдегі жүктен бастап құрылыс, ауылшаруашылығы техникалары, дайын автокөліктер, киім, косметика, электронды заттар тасымалданады. Биыл біздің компания 2000-нан аса жүк пойызына қызмет көрсетті. Бұл былтырғыдан 20%-ке көп.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытайлар Қорғас портын халықаралық логистиканың «алтын көпірі» ретінде бағалайды. Қазір порт арқылы өтетін теміржол бағыттарының саны 90- ға жетті. Ол 18 мемлекеттегі 46 қала мен аймақты айланыстырып тұр.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын