Қазақстанға Қытайдан келетін сәлемдемелер 67% артты
Қытаймен арадағы сауда-саттық былтыр 44 млрд долларға жеткенін айтқан едік. Көрші елмен экономикалық байланыстың қарқыны электрондық сауда көлемінен-ақ көрініп тұр. Ондағы айналым триллион теңгеден асады, деп хабарлайды 24kz.
Нарықта, әсіресе, маркетплейстердің бәсі биік. Сонымен қазақстандықтар Қытайдың қандай тауарларына үйір? Онлайн саудадан қанша ақша түсті?
Ғазиза Мұхаметжан, тілші:
- Қытайлық маркетплейстер қазақстандықтардың өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Күншығыс елінен келетін тауарларының саны күн сайын өсіп келеді. Әсіресе, тұрмыстық техника, киім және ойыншықтар көп келеді. Сауда саясатын дамыту орталығының мәліметінше, өткен жылы Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға сәлемдемелер саны шамамен 70%-ке артты. Біздің елге 4,5 миллионға дейін тауар жөнелтілген. Сауда шығыны да өзгерді. Егер бұрын орташа чек 5-8 мың теңге болса, қазір 20 мың теңгеге жетеді.
Берік Ахметов, «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры:
- Қазақстандықтар арасында «Алибаба», «Джейдиком», «Дуин» сияқты платформалар танымал. Негізінен киім, косметика, гаджеттер, смартфондар сатып алады. 2023 жылдан бастап бізде электрондық сауда үлесі 12,7%-тен 14%-ке өсті. Қытай өнімдеріне ызығушылықтың артуы, ең алдымен, бағаның төмендігімен және соған сай сапамен байланысты. Қазақстанда шығарылмайтын тауарларды, біз Қытайдан импорттаймыз.
Сарапшылардың пікірінше, қытайлық маркетплейстер уақыт пен ақшаны үнемдеу үшін ғана емес, жақсы құрылған маркетингтік стратегияның арқасында танымал. Олар күшті құралдарды пайдаланады. Мәселен, тікелей эфирде сату, жасанды интеллект сынды замануаи әдістерді қолданады. Шешуші фактор – жылдамдық. Бүгінде маркетплейстерден тауар сатып алсаңыз, кем дегенде 15 күнде жеткізіп береді.
Бірақ осындай онлайн сауда қазақстандық өндірушілердің өркендеуіне кедергі емес пе деген сауал туындайды?
Дәурен Ауталипов, «Атамекен» ҰКП Сауда департаменті директорының орынбасары:
- Егер біздің шағын және орта бизнесті қарасақ, әрине, бұл бәсекелестікті өте қатты көтереді және басқа жағынан бизнес модельді қайта қарауға алып келеді. Өйткені кез келген өндіруші өзінің тауар сапасының жоғары және бағасының төмен болуын, сол нүктеге жету керек. Менің ойымша электрондық нарық, сауда алаңдары тек қала бұл үрдісті ынталандырады.
«Әрбір тапсырыс мемлекеттік қазынаға табыс әкелед», - дейді мамандар. Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараты бойынша бүгінде Қазақстанда электрондық сауда саласында жұмыс істейтін жеті қытайлық компания ресми тіркелген. Соңғы үш жылда олар бюджетке 16 млрд теңгеге қаржы әкелді. Желтоқсанға қарай бұл көрсеткіш үш есе өседі деп күтілуде.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Жандос Битабаров, Мейрамбек Қайыркелді