Жамбыл облысында экспорт көлемі артты
Жамбыл облысында отандық тауарлардың экспорты былтырмен салыстырғанда 2,5 есе өскен.
Химия, тамақ өнеркәсібі мен құрылыс индустриясы саласындағы зауыттардың өнімділігі артқан. Тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдау бар. Салаға жауапты министрлік өнімді экспортқа шығаруға көмек береді. Нәтижесінде шағын кәсіпорындардың өзі тауарын шетелге сатып жатыр.
Тұрмыстық химия тауарларын шығаратын мына зауыт 5 жыл бұрын ашылды. Бастапқыда кішігірім цехта сабынның бір түрін шығарса, қазір экологиялық тауардың 100 түрі бар. Оның ішінде тұрмыстық және автохимия мен косметика бар. Зауытта 40-тан аса жұмысшы еңбек етеді.
Рано Шадыханова, зауыт басшысы:
- Өнімді жасаған кезде сапалы қауіпсіз және экологиялық тазалыққа ерекше мән береміз. Ең басты технологияларын біз Германиядан алған едік. Қазіргі таңда өзіміздің технологтарымыз бар. Лабаранттарымыз бар. Зертханамыз бар. Өз-өзімізге қазір керемет формулаларымызды шығарамыз. Автоматтандырылған линияларымыз бар. Және сапаны бақылайтын зертханамыз бар.
Кәсіпорын бір күнде 30-дан 50 тоннаға дейін, ал жылына 50 мың дана өнім өндіреді. Тауарын ел аумағынан бөлек Қырғызстан мен Ресейге экспорттайды. Оған сауда министрлігіне қарасты «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы жәрдемдескен. Мемлекеттік мекеме тауарөндірушілерді халықаралық көрмелерге апарып, өнімін жарнамалайды. Оған қоса былтыр аймақтағы экспорттаушы кәсіпорындардың 123 млн теңге шығынын субсидия есебінен өтеп берген.
Талғат Шалдарбеков, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бөлім басшысы:
- Кәсіпорындарға түрлі деңгейде мемлекеттік қолдаулар қарастырылған. Ол субсидия бөлу, жетіспейтін қаражатқа кепілдік беру, одан бөлек инфрақұрылым тарту. Казтрейд арқылы облысымыздың экспорттаушы кәсіпорындары өзінің тауарларын сыртқы нарықтарға экспорттаған жағдайда тиісті шығындарының субсидиясы өтеледі.
Жамбыл облысында өнеркәсіп саласында 900-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың 40-ы ірі зауыт. Жыл басынан бері аймақта 745 миллиард теңгенің өнімі шығарылды. Оның ішінде химия өнеркәсібі, құрылыс индустриясы мен тамақ өнімдері, экспортталатын тауарлардың үздік үштігіне кіреді.
Мерей Бает, Тимур Сейілхан