Қостанай облысында азық-түлік өндірісі 15%-ке артты
Қостанай облысы агроөнеркәсіп кешенінде өңделген өнім үлесін 60%-ке жеткізді, деп хабарлайды 24kz.
Яғни, ішкі нарықтағы негізгі азық-түлік түрлерінің басым бөлігі отандық өнім. Сыртқа сатылым да артып келеді. Соңғы алты айдың ішінде 386 миллион АҚШ доллары тұратын ауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа шығарылған.
Қай дүкенге барсаңыз да, сөрелерде лықа толған сүт, қаймақ, ірімшік, ет тағамдары көзге таныс өз өнімдеріміз. Қазір шетелдік бәсекелестеріне қарағанда өтімі де жақсы.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Елімізде дүкен сөрелеріндегі отандық азық-түлік өнімдерінің үлесін 50%-ке жеткізу міндеті қойылған болатын. Ал Қостанай облысында ресми мәлімет бойынша шұжық өнімдерінің 70%-і, сүт өнімдерінің 80%-і жергілікті жерде өндірілген.
Отыз жылға жуық шұжық өндірісімен айналысып келе жатқан Валерий Разумовичтің компаниясының өнімдері өңірде жақсы танымал. Қазір олар еттен 240 өнім түрін дайындайды. Күніне 10 мың келі шұжық шығарады. Тек қана ет өңдеу комбинатында 250-ге жуық адам жұмыс істейді.
Мариян Назарбаева, шұжық цехының жұмыскері:
- Мен 15 жыл істеп жатырмын. Сіңілім 20 жыл істеп жатыр. Осында келгенде 15 шақты шұжық болған. Енді қазір ассортимент өсіп жатыр.
Компания басшысының айтуынша, Ресей, Беларусь елдерімен бәсекеге түсу оңай емес. Бізге қарағанда оларда мал еті арзан. Қостанайлық кәсіпорынның қарсы қояр амалы – халал өнім шығарады және баға, сапа жағынан бәсекеге түсу үшін өндіріс топтарының кластерін құруды қолға алған.
Валерий Розумович, компания басшысы:
- Комбинатты сапалы шиікзатпен тұрақты қамтамасыз ету үшін құс фабрикасын аштық. Қазір құс етінен тапшылық жоқ.Сондай-ақ қой, жылқыны бордақылау алаңын іске қостық. Қазір ірі қараны семіртетін орын дайындап жатырмыз. Одан бөлек, мал соятын цехтың құрылысы жүріп жатыр.
Осы өндіріс орындарының бәрі жұрты азайып, ажары тая бастаған Жуковка деген ауылда салынды. Қазір құс фабрикасының өзінде ғана 55 адам жұмыс істейді. Үш-төрт жылдың аясында ауылда жаңадан үйлер, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, халықтың тұрмысы біршама түзеліп қалды. Тізе берсе, өңірде мұндай мысалдар баршылық. Жеті елді мекенде тақыр жерде сүт тауарлы фермасы тұрғызылды. Келер жылы тағы бесеуі салынбақ. Содан кейін сүт өңдеу зауыттары шикізаттан кенде болмайды. Болашақта бидай да өзімізде өңделуі мүмкін.
Нұрсұлтан Шаймұханов, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Екі инвестор астықты терең өңдеу жобасын жүзеге асырмақ. Бұл зауыт әлемде үлкен сұранысқа ие глютен, крахмал, биоэтанол және лизин сияқты бірегей өнімдерді шығарады. Оның жылдық қуаттылығы 1,5 миллион тонна.
Мемлекет басшысы үш жылда агроөнеркәсіп кешенінде өңделген өнім үлесін 70%-ке жеткізуді міндеттеді. Қостанайлық сала мамандары бұл межені бағындыратындарына сенімді.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров