Шаруалар қажетіне 11 млрд текше метр су алынды

Биыл шаруалардың қажетіне республика бойынша 11 миллиард текше метрден астам су алынған. Оның басым бөлігі оңтүстік өңірлерге бөлінді. Бұл туралы вегетация кезеңінің қорытындысы бойынша өткен аппарат кеңесінде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді. 

Министрдің сөзінше, Алматы облысында 136 мың гектар жер суарылып, оған бір жарым миллиард текше метрдей су кеткен. Ал Жетісу облысында 140 мың гектар, Жамбыл облысында шамамен 80 мың гектарға жуық жер суарылып, шаруаларға Тас-өткел су қоймасынан, Шу және Талас өзендерінен жалпы бір млрд текше метр шамасында су жұмсалған. Қызылорда облысында бұл бойынша үш жарым млрд текше метр су пайдаланылып, 125 мың гектар егістік алқап суарылған. Ал Түркістан облысында шамамен 400 мың гектар жерге тіршілік нәрі берілген.

Сейілбек Нұрымбетов, Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы:

- Оңтүстік өңірлерде вегетациялық кезең күрделі климаттық жағдайда өтті. Дегенмен, министрлік, жергілікті атқарушы органдар және шаруалардың үйлестірілген іс-қимылдарының нәтижесінде суару маусымын жалпы тұрақты өткізуге қол жеткізілді. Алматы және Жетісу облыстары бойынша іс жүзінде 276 мың гектардан астам жер суарылды.