Алдағы үш жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму

Келесі жылы ел экономикасы 5,4 пайызға өседі деген болжам бар. Ал одан кейінгі жылдары орташа жылдық өсім 5,3 пайыз шамасында сақталады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты. Бүгін Үкімет алдағы үш жылға арналған негізгі экономикалық болжамдарын жариялады.

«Номиналды жалпы ішкі өнім 2026 жылғы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін артады. Экономиканың өсімі нақты сектор мен қызмет көрсету саласындағы көрсеткіштер есебінен қамтамасыз етіледі», - деп атап өтті Вице-премьер. 

Премьер-министр Олжас Бектеновтың қатысуымен өткен жиында 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы қаралды. Оған қоса алдағы үш жылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі талқыланды.