Елімізде геологиялық барлау жұмыстарына $71,6 млн инвестиция тартылады
Алдағы алты жылда геологиялық барлау жұмыстарына 71,6 миллион доллар инвестиция тартылады. Бүгінде жер қойнауын пайдалану аукциондары толық автоматтандырылған. Сауда-саттық «e-qazyna.kz» порталында өткізіледі. Биылғы екі аукцион нәтижесінде 11 келісімшарт жасалып, бюджетке 10,6 миллиард теңге түсті.
«Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы елдегі сегіз кен орнын зерттеп, мемлекеттік балансқа енгізді. Қазір Жосабай, Құйрықтыкөл, Қаратас, Нұра-Талды, Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты учаскелерінде пилоттық жобалар іске асырылып жатыр. 2028 жылға қарай олардың қорлары халықаралық JORC стандарты бойынша есепке алынады. Компания Fortescue, Esan сияқты ірі халықаралық серіктестерді тартып, 21 бірлескен кәсіпорын құрды. 72 млрд тг астам инвестиция салынды.
Иран Шархан, ҚР Индустрия және құрылыс вице-министрі:
- Геологиялық талдау саласын арттыру мақсатында «Ұлттық геологиялық қызмет» базасында жаңа заманауи зертханалық кешен құрылып, ғылыми орталық ретінде қызмет атқаратын болады. Құрылыс жұмыстарына Астана қаласынан төрт гектар жер учаскесі бөлінді. Жоба құны – 14 млрд теңге. Зертханалық кешенді 2028 жылдың желтоқсан айында іске қосу жоспарлануда.
Геологиялық ақпараттың цифрлық қоры
Сонымен қатар елде геологиялық ақпараттың ұлттық цифрлық қоры құрылады. Соңғы 80 жылда жиналған 5 млн-нан астам геологиялық ақпарат сақталған. Бүгінде оның 83% сканерленді. Соның ішінде мәтіндік есептер, графикалық материалдар және магниттік жеткізгіштен тұратын материалдардағы деректер көшірілді.
Мәлік Олжабеков, Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:
- Цифрландыру нәтижесінде рәсімдер саны 45%-ға қысқарып, өтінім берушілерге түсетін бюрократиялық жүктеме азайды, ал қызметкерлердің әкімшілік жүктемесі 35%-ға төмендеді. Деректерді өңдеу жылдамдығы артты, координаттарды қолмен тексеру кезіндегі қателіктер толығымен жойылды. Мемлекеттік органдар мен жер қойнауын пайдаланушылардың өзара іс-қимылы толық цифрлық форматқа көшірілді. Платформаға үш мыңнан астам жер қойнауын пайдаланушы қосылды.
Ақпараттық қор құру жобасы кезең-кезеңмен іске асады. Келер жылы геологиялық деректердің 10%, ал 2028 жылға қарай саладағы барлық ақпарат қамтылады деп жоспарланған.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Наргиз Бекмағанбетова