Түркістан облысында ірі мақта өсіру кешені құрылады

Түркістан облысында мақта өсіруден бастап киім тігуге дейінгі аралықты қамтитын ауқымды кластер құрылады, деп хабарлайды 24KZ. Жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамыту және озық агротехнологияларды енгізу бойынша тапсырмаларын жүзеге асыруды көздейді.

Бұл мақсатта Отырар ауданы мен Арыс қаласында 60 мың гектар алқапта мақта өсіріледі. Орталық Азиядағы ең ірі кешенде 1400-ден астам тұрақты және 300-ден астам уақытша жұмыс орны ашылады. Қытайлық инвестор жобаның алғашқы кезеңіне 58 млрд теңгеден аса қаржы салады. Жалпы шетелдік инвестицияның көлемі 200 млрд теңгеден асады.

Айта кетейік, бүгінде елде жылына 75 мың тоннаға дейін мақта талшығы өндіріледі. Оның 85%-і экспортталады.