Қостанай облысында майлы дақылдардың экспорты басым
Биыл Қостанай облысында 900 мың тоннаға жуық майлы дақыл тұқымы жиналды. Былтырға қарағанда бір жарым есеге көп. Қазір жергілікті май зауыттары өндіріске қажетті шикізат қорын жинап жатыр. Алайда керекті көлемді сатып алуға май өндірушілердің шамасы жетпейді.
Қостанай облысы майлы дақылдардың егістік көлемі жағынан елдегі жетекші өңірлердің бірі. Биыл 873 мың 500 гектарға осы дақыл түрі егілді. Өнімділік те жылдағыдан жоғары. Орташа есеппен гектарынан 10 центнерден жиналған. Әлі орылмаған 9 мың гектардай алқап бар.
Кенже Жұмандықов, Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
- Ауа райы жылы болғаннан кейін бізде сазды және күнбағыстың ылғалды болуынан оны бастыруға қиын болып тұр. Сондай-ақ осы қалған алқаптарды мына біздің шаруашылықтар мынау аяз түскенін күтіп отыр. Аяз түскеннен кейін, оны шамалы уақытта 2-3 күннің ішінде аяқтайды.
Облыста 10 шақты май өңдеу зауыты болса, соның үшеуі - Федоров ауданында. Мына зауыт солардың ішіндегі ең ірісі. Күніне 180 тонна күнбағыс дәнін өңдеп, 50-60 тонна май шығарады. Одан да артық өндіруге қауқарлы. Алайда не керек, жаз шыға шемішкенің түбі көрінеді. Сосын екі-үш ай тоқтауға мәжбүр болады.
Аманжол Діләбеков, Май зауытының директоры:
- Егер тоқтамай істесе жылына шамамен 25-30 мыңдай тонна керек. 5 мың, 6 мың жинаймыз өзіміздікі, қалғанның бәрін сатып аламыз. Енді сол сатып алғанға несие керек, өйткені қаңтар, ақпан кезінде бәрін сатып жібереді ғой. Сол уақытта шемішкені қабылдап алу керек.
Бұл зауыттың өнімі үлкен сұранысқа ие. Түгелдей экспортқа кетеді. Мемлекет оларды көмек-қолдаусыз қалдырып жатқан жоқ. Мысалы, жергілікті өндіріс орындарына майлы дақылдарын тапсырған шаруаларға субсидия беріледі. Одан бөлек, егістік алқабын ұлғайтқандарға төмеңгі пайызбен несие, салық жеңілдігі қаралған. Алайда қалтасы қалың трейдерлер майлы дақылдарды қағып әкетіп қояр емес.
Кенже Жұмандықов, Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
- Негізінде зығыр және мақсары бізде экспортқа кетеді. Майлы дақылдардан күнбағысты ғана өңдейді. Күнбағыстың біраз көлемі экспортқа да кетеді.
Азық-түлік келісімшарт копорациясы биыл күнбағыстың тоннасын 205-210 мың теңге деп белгіледі. Салыстымалы түрде айтса, бидайдың құны 88-115 мың теңге аралығында қалып отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг