Проблемалық несиелер қорының әлеуеті қандай?
Шаруаларды қолдау – «Проблемалық несиелер қоры» жұмысының бір ғана мысалы. Бұл қор экономиканың дамуына әсер ететін бірқатар сала бойынша тиісті көмегін көрсетеді. Осылайша, ел өркендеуінің негізгі драйвері саналатын бағыттарға үлесін қосады. Қордың қазіргі әлеуеті қандай?
«Проблемалық несиелер қоры» екі стратегиялық бағытта жұмыс істейді. Алғашқысы Екінші деңгейлі банктердің қаржылық тұрақтылығын нығайту. Қор қаржы ұйымдарының проблемалы активтерін сатып алып, оған жаңа инвестор тарту арқылы жұмысын жандандырады. Ал қарызын өтей алмай тұрған кәсіпорынның берешегін жеңілдетеді. Осылайша, екі тарапқа да қолайлы жағдай жасайды.
Гүлмира Жұртшиева, «Проблемалық несиелер қоры» АҚ қарызды өндіріп алу департаментінің директоры:
- «Проблемалық несиелер қоры» – Коллекторлық компания емес. Біздің қор – мемлекеттің 100 пайыз қатысуымен құрылған мекеме. Ол проблемалық активтерге қатысты істі сотқа дейін реттейді. Сондай-ақ қарызды өндіріп алумен емес, оларды қайта құрылымдаумен де айналысатын мемлекеттік институт. Ал коллекторлық компания – кредиторлармен жасалған шарт бойынша қарызды жылдап өндіріп алуға бағытталған коммерциялық ұйым.
Қазір қордың әлемдік маңызы нығайып келеді. Ол Азия елдеріндегі проблемалық активтерді басқару бойынша халықаралық қауымдастықтың мүшелігінде. Олардың жыл сайынғы саммиті түрлі мемлекеттерде өтеді. Ал келер жылы IPAF ашық алаңына Қазақстан төрағалық еткелі отыр.
Серік Жұмагелдиев, «Проблемалық несиелер қоры» АҚ корпоративтік даму департаментінің директоры:
- IPAF саммитінің Қор үшін маңызы зор. Ол – проблемалық активтерді басқару саласында халықаралық деңгейдегі тәсілдерді қалыптастыратын және нарықтың ашықтығын қамтитын ауқымды платформа. Мұндай формат 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Елімізде «Проблемалық кредиттер қорының» баламасы жоқ. Алайда өзге елдерде бар және ол көбіне «Күйзелістік активтерді басқару» компаниясы деп аталады. Міне, осы бір салада жұмыс істеп жүрген азаматтар жыл сайын IPAF саммитінде өзара тәжірибе алмасып, бірқатар маңызды семинар өткізеді.
«Проблемалық несиелер қоры» осыдан 13 жыл бұрын құрылған. Ол 2017 жылға дейін Ұлттық банктің қарамағында болды. Кейін Қаржы министрлігінің басқаруына көшкен. Оның жалғыз акционері – ел Үкіметі.
Авторлары: Альмира Оразбай