Биыл рекордтық көлемде мақта жиналды

Биыл елде рекордтық көлемде мақта жиналды. Сонымен қатар бұршақ дақылдарын өсірушілер де жылдағыдан мол өнім алды.

Өнімнің көбеюіне заманауи әдістердің енгізілуі ықпал етіп жатыр. Соның ішінде диқандар тамшылатып суару жүйесіне ерекше ден қойған.

Рекордтық көлемде мақта жиналды

Биыл елде 430 мың тонна мақта жиналды. Бұл кейінгі 18 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Былтырғы меженің өзінен 42 пайызға көп. Талшықты дақылдың дені Түркістан облысында өсіріледі. Жергілікті диқандар биыл 145 мың гектар алқапқа мақта еккен. Бұл өңірдегі барлық егістік алқабының 16 пайызы.

Өнім көлемінің артуына озық технологиялық тәсілдердің енгізілуі ықпал етті, дейді мамандар. Соның ішінде мақта алқабының үштен бір бөлігіне тамшылатып суару жүйесі қолданылған.

Мақта шаруашылығы

2025 ж. 430 мың тонна

Өсім 42%

Мақта алқабы - 144,5 мың га

Егістік алқабындағы үлесі - 15,9%

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- 2025 жылы тамшылатып суғарылатын мақта алаңы 50 мың гектар болды. Өнімнің орташа шығымы гектарына 30 центнерге жетті. Ал кейбір шаруашылықтарда әр гектардан 60 центнерге дейін мақта жиналды.

Мақта тұқымына 100% субсидия беріледі

Мақта саласын дамытуға арналған кешенді мемлекеттік қолдау егістен бастап қайта өңдеуге дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Тұқым, минералды тыңайтқыш, пестицид және суару шығындарына демеу-қаржы беріледі. Соның ішінде мақта тұқымы 100 пайыз субсидияланады. Ал өзге дақылдар үшін 15-50 пайыз аралығында ғана қарастырылған. Өңірде 25 мақта зауыты мен 175 қабылдау бекеті жұмыс істеді. Олар ақ алтынның келісін 200 теңгеден қабылдады. Ал жоғары сұрыпты мақта 250-270 теңгеден сатылған.

Мейірхан Батырбеков, серіктестік директоры:

- Биыл Үкімет, министрліктен адам қойып, бақылауда ұстады. Суды кезекпен берді. Бірақ жаман болған жоқ. Сонда да жақсы өнім алдық. Одан кейін Үкіметтен тұқымдыққа субсидия, жанармай жеңілдетіліп берілді. Дәрі-дәрмектер жеңілдетіліп берілді.

Ақтөре Түймебек, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Дала және жиын терім жұмыстарына 99,3 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе артық. 781 мың гектар алқапқа 227 мың тонна минералды тыңайтқыштар ендірілді. Одан бөлек көктемгі дала жұмыстарына несиелік-кредиттік ресурстар уақтылы бөлінді.

Мақта талшығының 85% экспортталады

Қазақстанда жыл сайын 70-75 мың тонна мақта талшығы өндірілсе, соның 85 пайызы экспортталады. Латвия, Ресей, Қытай басты серіктес елдер қатарында. Салада мақтаны терең өңдеу бойынша ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Қытайлық компания Түркістан облысында мақтаны егуден бастап, киім өндіруге дейінгі жоғары технологияны елге әкеледі. Ол үшін 200 млрд теңге инвестиция салуды көздеп отыр. Өндірістік кешенде мың жарымға жуық тұрақты және 300-ден астам уақытша жұмыс орны ашылады. Нәтижесінде отандық тоқыма өнеркәсібінің өндірістік базасы нығайып, экспорттық әлеует арта түседі.

Бұршақ дақылдарынан 1,1 млн тонна өнім алынды

Сонымен қатар биыл бұршақ дақылдарынан 1,1 млн тоннадан астам өнім алынды. Бұл да рекордтық көрсеткіш. Оның ішінде  842 мың тонна жасымық, 222 мың тонна бұршақ және 22 мың тонна ноқат бар. Ал майлы дақылдардың көлемі 4,8 млн тонна болды. Қазір егістікті әртараптандыру жұмыстары жалғасып жатыр.