11 айда ел экономикасы 6,4% өсті

Биыл ел экономикасы алты жарым пайызға өсті. Өнеркәсіп, сауда-саттық пен көлік салалары жалпы ішкі өнімдегі өсімнің 70%-дан астамын қамтыды. Ал негізгі капиталға 18,5 трлн теңге инвестиция салынып, ондағы өсім 13,3%-ға артты.

Ұлттық экономика министрлігінің дерегіне сүйенсек, экономикалық өсімнің негізгі бөлігі – нақты сектор және қызмет көрсету салаларында байқалды.

Ал енді сандарды рет-ретімен сөйлетейік. 11 айда ел экономикасы 6,4% өсім көрсетті. Нақты сектордағы өсу 8,3%-ды құрады. Салалар бойынша негізгі драйверлер – бұл көлік қызметтерінің өсімі 20%-дан асса, құрылыс 14,7%, тау-кен өнеркәсібі 9,7% өсті. Сонымен қатар сауда саласы 8,8%, ауыл шаруашылығы 6,1%, өңдеу өнеркәсібі 5,9% жоғарылады. Әрине инвестициялар өсімнің маңызды факторы болып қала береді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар биыл 18 жарым трлн теңгеге жетті. Өңірлер бойынша инвестицияларды ең көп тартқаны: Ақмола, Павлодар, Жамбыл, Алматы және Ақтөбе облыстары. Ал инвестициялардың төмендеуі Атырау, Қарағанды облыстарында байқалды.

17 өңірде өңдеу өнеркәсібінің өндірісі артты

Өңдеу өнеркәсібінің өндірісі 6%-ға жуық өсті. 17 өңірде өсім бар. Алдыңғы қатарда Солтүстік, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстары, Алматы, Шымкент қалаларын атап өтуге болады. Бұл жайында Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі: 

- Өңдеу өнеркәсібіндегі өсу көлік жасау өндірісінің 11,6%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 15,2%-ға және электр жабдықтарын жасаудың – 16,7%-ға өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Тамақ өнімдерін өндіру – 8,7%-ға, химия өнеркәсібі – 8,1%-ға, мұнай өңдеу өнімдері – 6,5%-ға, құрылыс материалдары – 7,1%-ға ұлғайды. Салалардағы инвестициялар мен өндіріс өсуінің негізгі факторларының бірі «Бәйтерек» Холдингі тарапынан басым бағыттарды қаржылық қолдаумен қамтамасыз етуі болды. Осы жылдың 11 айында холдинг желісі бойынша басым салаларды қаржыландыру көлемі 8 трлн теңгеден асты.

Сарапшылар экономиканы әртараптандырудың нәтижелері байқалып отырғанын алға тартады. Бұған дейін табыстың басым бөлігі мұнай-газ секторына тиесілі болып келсе, кейінгі жылдары өңдеуші сектордың өсімі қарқын алғанын атап өту керек. Бұл – экономиканың тұрақты дамуы үшін маңызды фактор.

Бауыржан Ысқақов, экономист:
- Оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін сала болса да, біздегі ірі өнеркәсіп секторындағы өнімдер болса да, тіпті сынау шағын және орта бизнестің жасалып жатқан жұмыстарының өзі ол өңдеуші сектормен байланысы болатын болса, бұл жақсы көрсеткіш. Яғни екінші бізге табыс әкеліп отырған өңдеуші сектор деп айтуға болады. Жалпы экономикада өсім бар деп есептелінеді егер жылдық өсім 4,5%-дан жоғары болса. 6%-дан асу деген шыны керек көңіл қуантарлық дүние.

Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 116,3 млрд долларға жетті. Биылғы он айда ел жалпы құны 65 млрд долларға жуық тауарды сыртқы нарыққа жөнелтті. Оның ішінде өңделген өнім экспорты 23,3 млрд доллардан асты. Әлемдік рейтинг агенттіктері жыл сайын Қазақстан экономикасына өз бағасын беруді дәстүрге айналдырған. Олар сүйенетін негізгі көрсеткіштер: саяси тұрақтылық, экономикалық алға басу, яғни реформалар және бизнес үшін қолайлы ортаның болуы.

Бауыржан Ысқақов, экономист:
- Біз басқа елдерге де өнім шығаруға қабілетіміздің бар екендігін көрсетіп отырмыз. Яғни Еуропа да, Азия да, көршілес Қытай да, Батыспен де біз осы көрсеткіштердің негізінде жұмыс жасаймыз. 2024 жылы Президенттің АҚШ-қа сапарында 500 млрд доллардан астам контрактіге отыруы, жақында Оңтүстік Кореяға сапарында үлкен инвест келісімшартқа отыруы да осындай халықаралық агенттіктердің бізге берген оң бағасының нәтижесінде. Ол әлеуметтік жағдай, бизнесті жүргізудегі бюрократизмнің аздығы, салық, бюджет кодексінің бизнес ашуға деген қарапайымдығы ескеріледі бұл жерде.

2 жыл бойы рекордтық дәнді дақыл жиналды

Биыл екінші жыл қатарынан дәнді дақылдардың рекордтық өнімі жиналды. Диқандар 27 млн тонна өнім алды. 1 млн тонна бұршақ дақылдары, 4,7 млн тонна майлы дақыл жиналды. Қолайлы ауа-райы мен жоғары өнімділіктен,, өсімдік шаруашылығындағы өнім көлемі 7,6% ұлғайды. Биыл Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарын баса айтқанда ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 6,1%-ға артты.