Қазақстан Пәкістанға 600 электробус экспорттайды

Қазақстан Пәкістанға 600 электр автобусын экспорттайды.

Исламабадта өтіп жатқан «Қазақстан-Пәкістан» бизнес форумында екі елдің бизнес  өкілдері осындай келісімге келді. Автобустардың алғашқы партиясы биыл сәуірде жөнелтіле бастайды. Коммерциялық келісімнің құны 108 млн АҚШ долларын құрайды. Ал 2027-2028 жылға қарай отандық компания Пәкістанға автобус экспортын 2000 данаға жеткізуге ниетті. Айта кетейік, 2018 жылы Алматы қаласында құрылған кәсіпорын бүгінде еуропалық стандартқа сай автобустардың кең түрін шығарады. Жылына 1500 көлік шығаратын кәсіпорын биыл өндіріс қуатын 3000 данаға жеткізуді көздеп отыр. Өйткені қазақстандық электр автобусына көршілес Өзбекстан, Маңғолия, Пәкістанда ғана емес, Еуропа елдерінен де сұраныс жоғары. Бизнес форум қорытындысы бойынша транспорт саласына тағы бірнеше коммерциялық құжатқа қол қойылмақ. Айта кету керек, «Қазақстан-Пәкістан» бизнес форумы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістан Ислам Республикасына мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылып жатыр.

Мұрат Әділханов, электр автобустар шығаратын компанияның директорлар кеңесінің төрағасы:

- Жалпы 2-2,5 мың автобус жоспарлап отыр 2027-2028 жылдарда. Жалпы үлкен инвестиция бұл мемлекетке келетін. Әрине жұмыс орнын үлкейтуге мүмкіншілік туып жатыр. Ең үлкен жоспарымыз сапасы жоғары болу, бағасы лайықты болу. Осы өлкелерге лайықты болатындай мүмкіншілік жасау.