Қ.Тоқаев: Инвестиция тартуға арналған біртұтас стратегия қажет
Қазақстанға инвестиция тартуға арналған біртұтас стратегия қажет.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа инвестициялық кезеңді бастау керектігіне тоқталды. Бұл стратегияда, ең алдымен, жоғары технологиясы бар заманауи өндірістер ашуға басымдық берілуге тиіс, деді Президент. Осы тұрғыдан алғанда жеке бизнестің рөлі айрықша. Сондай-ақ, мемлекет басшысы «Бәйтеректі» инвестициялық холдинг ретінде қайта құру мәнісін түсіндіріп өтті. «Холдинг нарықтық экономикаға серпін беруде, бірақ бұл қадам жеке бастамаларды шектемеуге тиіс» деген Президент «Самұрық-Қазына» қорына да дәл осындай талап қойылатынын жеткізді. «Самұрық-Қазына» қоры және ұлттық компаниялардың құрылымын қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керектігін де атап өтті. Себебі қосшыдан басшы көп. Ал бұның түбі жақсылыққа апармайды. Инфляция деңгейі тұрақталып, төмендегеннен кейін нарық қағидаттарын күшейту керек болады, деді мемлекет басшысы.
ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
Елімізде инвесторлардың қызығушылығын арттыратын салалар көп. Осы салаларды дамыту үшін мемлекет пен бизнес арасында сындарлы ынтымақтастық болуға тиіс. Әсіресе, сирек кездесетін металдар, мұнай-газ химиясы, цифрлық инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздері, көлік және агроөңдеу салаларына баса мән берген жөн. Мысалы, қазір технологиялар қарқынды дамып жатқан кезде аса қажетті материалдарға, яғни, сирек металдарға сұраныс күрт артып келеді. Қазақстанда мұндай жобаларды жүзеге асыруға Батыс елдері және басқа да дамыған мемлекеттердің инвесторлары зор қызығушылық танытып отыр. Бұл Қазақстанның жаһандық бәсекедегі артықшылығы. Осы артықшылықты тиімді пайдалануымыз керек, оны ел игілігіне жарату қажет.
Сондай-ақ Президент жеке капитал тартуға қолайлы жағдай жасау үшін біраз еңбектену қажеттігін айтты. Бұл ретте, қаржыны қазынадан алып, оны инвестиция деп көрсетуді тоқтатып, нарықтық экономика қағидаттарына бағыну керектігін ескертті. Айта кетейік, тәуелсіздік алғалы Қазақстанға 470 млрд доллардан астам көлемде тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Оның 15 млрд долларға жуығы былтыр 9 ай ішінде көтерме және бөлшек саудаға және өңдеу өнеркәсібіне құйылған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда, шамамен 11 пайызға көп. Қаражаттың дені Қытай, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Оңтүстік Корея және бірқатар Еуропа елдерінен аударылған.