Отандық полипропилен экспортқа шығарылды
Мұнай-газ химиясын өз алдына жеке сала ретінде дамыту керек. Мұны Мемлекет басшысы тапсырған.
Біздің ел полиэтилен, бутадиен, карбамид және басқа да өнімдерді көпетп шығаруға бейіл. Бұл жобалар елдің негізгі химия өнімдеріне деген сұранысын өтейді. Ал қазір мұндай шикізатты сырттан тасып жүрміз.
Елде мұнай-газ химиясын дамытып, шикізаттық модельден терең өңдеуге көшуге мүмкіндік мол. Құзырлы министрлік бұған Қашаған, Теңіз, Қарашығанақ кен орындары, лайықты инфрақұрылым және логистика ықпал ететінін жеткізді. Осыдан 5 жыл бұрын мұнай-газ химиясы класстерінің алғашқы жобасы, полипропилен зауыты іске қосылды. Содан бері мұнда 800 мың тоннадан аса өнім өндірілген. Өндіріске қажет пропан газы – Теңіз кен орнынан жеткізіледі. Қазір отандық полипропилен жергілікті кәсіпорындардан бөлек, Қытай, Ресей, Еуропа, Түркия нарығына шығарылып жатыр.
Тимур Әбдірешов, ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз хатшысы:
- Осыған дейін елімізде бензин, дизель отыны шығарылып келді. Нақты терең өңделетін өнімдер болған жоқ. Сондықтан бұл жобалардың маңызы өте жоғары. Мысалы, полипропилен бойынша қазіргі таңда елімізде 80 пайыз сұранысты жауып отыр. Енді импорттамаймыз.
Елде полиэтилен өндірісі қолға алынады
Әзірге өндіріске қажет полиэтиленді толықтай сырттан алып отырмыз. Бірақ бұл кезең де артта қалады. Өйткені 2029 жылы Атырауда отандық полиэтилен зауыты іске қосылады. Оның жылдық қуаты 1,25 млн тонна. Қазір елдегі 120 компания өз өндірісінде 300 мың тоннадай полиэтилен қолданады. Олар шикізатты Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Әзербайжан және Түрікменстаннан алып отыр. Ал жаңа нысан елдің өңдеу өнеркәсібіндегі ең ірі жобалардың бірі болмақ. Полиэтилен зауытында 20-дан астам сұранысқа ие марка, соның ішінде премиум санаттағы өнім өндіріледі. Сөйтіп әлемдік нарықтың 1%-ын қамтуға тиіс.
Хабиболла Кәрімов, Полиэтилен зауытының департамент директоры:
- Тенгиздің құрғақ газынан этан 14 пайыз соны бөліп алады, сосын пропан соны бөліп алады. жылына 1 млн 600 мың тоннадай этанды 210 км қашықтықпен Қарабатанға біздің Силлено мекемесіне әкеледі. Одан әрі қарай біздер этаннан этилен шығарамыз. Этиленнен әрі қарай полиэтилен продукциясын шығарамыз.
Тыңайтқышқа қажет карбомид өндірісі іске қосылады
Биыл елде 2,3 млн тонна отандық тыңайтқыш енгізіледі. Әзірге 245 мың тоннасына ғана келісім бар. Ауыл шаруашылығы министрі облыс әкімдеріне жұмысты жүйелеуді тапсырды. Айдарбек Сапаров 2024 жылдан бері минералды тыңайтқыштарды субсидиялаудың аванс тетігі жүзеге асып келе жатқанын еске салды. Бұл отандық өндіріс көлемін ұлғайтуға оң ықпал еткен. Былтыр ҚазАзот зауыты тыңайтқыш көлемін 11%-ға, Қазфосфат шамамен 2 есе арттырды. 2029 жылдан бастап, көрсеткіш нығая түседі. Өйткені жылына 800 мың тонна карбамид шығаратын кешен іске қосылады. Бұдан бөлек 340 мың тоннаға дейін бутадиен өндіретін жоба бар. Мемлекет басшысы Үкіметке жоспардың уақытылы орындалуын қадағалауды тапсырды.
Тимур Әбдірешов, ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз хатшысы:
- Болашақта жүзеге асатын жоба бутадиен мен карбомид деген. Бутадиенді айтатын болсақ, бұл каучук. Каучук дегеніміз машина резинасын жасайтын, сондай материал ғой. Соған қолданылатын болады. Ал карбомид деген ауыл шаруашылығына қолданылатын тыңайтқыш. Яғни бұл агро өнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған өнім болады.
Арнайы заң жобасы әзірленіп жатыр
Қазір құзырлы министрлік «Мұнай-газ химиясы туралы» заң жобасын әзірлеп жатыр. Онда шикізат базасына қолжетімділікті арттыру, қажетті инфрақұрылымды дамыту және ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету қарастырылған. Сондай-ақ мемлекет басшысының тапсырмасымен осы салаға үлес қосып жатқан кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуі керек. Арнайы жұмыс тобы құрылды.