Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын арттырады
Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын 27 пайызға арттырады.
Бұл БҰҰ азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының болжамы.
Енді жаһандық ұйым неге Қазақстанға үміт артты? Нақты қандай өнімдерге сыртқы нарықта сұраныс көп?
Ет экспорты екі есе артады
Ал 2031 жылға қарай Қазақстан ет экспортын екі есе арттырмақ. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді. Қазір мал шаруашылығы бойынша ақпараттық жүйелер жаңғыртылып жатыр. Соның нәтижесінде ірі қара санын 12 млн-ға дейін, ұсақ мал басын 28 млн-ға дейін жеткізу көзделеді. Әзірге шаруалар 1,2 млн тонна ет өндіреді. 5 жылда көрсеткішті 1,8 млн-ға жеткізу жоспары бар. Үкімет мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық ауанын кеңейтуге кірісті. Бір ғана Қытай тарапынан ет және құс етіне, Еуропалық одақтан жылқы еті мен балыққа, Пәкістаннан ірі, ұсақ мал еті мен құс етіне сұраныс бар.
Мал шаруашылығына қолдау бар
Демек, жұмысты жүйелеу керек. Өсірген малын бордақылау алаңдарына, ет өңдеу кәсіпорындарына тапсырғаны үшін шаруалар субсидия алады. Мамандар мал басының өсімі қазірден байқалатынын айтады. Яғни субсидия көлемін еселеу маңызды.
Қайрат Көшенов, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары:
- 2025 жылы мал шаруашылығын субсидиялауға 87 млрд теңге бөлініп, игерілген болса, биыл шамамен 120 млрд теңге бөлініп отыр. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар тарапынан жұмыс жүргізілуде. Бұл көрсеткіш тағы да өседі деп санаймыз, шамамен 130 млрд-қа дейін жеткізуіміз керек биыл. Екінші блок ол несиелендіру.
Қытайға май экспорты артты
Қазақстан май-тоңмай өнімдерінің экспортын 1 млрд доллардан асырмақ. Осылайша өндіріс бойынша әлемдік үштікті түйіндеуге бейіл. Қазірдің өзінде Қытай нарығының 36 пайызын күнбағыс майымен қамтып отырмыз. Сөйтіп, өнімді жеткізуші екінші елге айналған. «Қазақстан темір жолы» ҰК мәліметінше, былтыр көрші елге май-тоңмай өнімдерінің экспорты 44 пайызға артқан. 440 мың тонна өнімнен 312 млн доллар түскен. Сарапшылардың айтуынша, Қытай нарығына тұрақты жеткізілімдер экспорттық бағалардың бәсекеге қабілетті деңгейін сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, шикізатқа деген сұранысты арттырады.
5 жылда АӨК өнімі 2 есе өсті
Үкімет басшысы «Жасампаздыққа жетелеген жеті жыл» атты мақаласында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі жеті жылда шамамен екі есе өскенін жазды. Бұл көрсеткіш былтыр 9,8 трлн теңгеге дейін, азық-түлік өндірісінің көлемі 3,9 трлн теңгеге дейін өскен. Мемлекет басшысының бастамасымен саланы қолдау жылына бір трлн теңгеге жетті. Биылғы егіс науқанын ерте қаржыландыру былтырғы қазан айында басталды. Бұл жұмыс сапасын жақсартты. Нәтижесінде жыл сайын өнімділік артып келеді.