Қазақстан «Таза көмір» технологиясына көшеді
Қазақстан энергетикасы «таза көмір» технологияларына толық көшеді. Әр стансаға заманауи құрылғылар қойылып, экологиялық стандарттарға басымдық берілмек.
Ұлттық жоба аясында іске асатын ауқымды шаруаның тізімінде көмір генерациясын дамыту мәселесі де тұр. Таяу болашақта 8 жаңа станция салынбақ. Жоспарлы жұмыстың орындалу барысы бүгінгі үкімет отырысында пысықталды.
Қазақстандағы көмір өндірісін сөз өткенде көсіліп сөйлеуге болады. Себебі, елде қатты отынның айтарлықтай қоры бар. Әлем бойынша 10-шы орынға тұрақтаптық. Қазіргі кездегідей өндіру көлемі сақталса, осы қор 300 жылдан астам уақытқа жететін көрінеді. Жаңа ғана баяндама жасаған сала министрі Ақкенженов ағынан ақтарылды. Ақпарынша, ұлттық жоба аясында 5 жыл ішінде жаңа станса салу және қолданыстағы 11-ін жаңғырту жоспарланған. Нәтижесінде 8 ГВт қосымша энергия қуатын алу көзделген.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- Қазіргі уақытта көмір саласына жаңа инвестициялар тарту жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. 2025 жылы келісімшарттардың жұмыс бағдарламаларына сәйкес көмір өнеркәсібіне инвестициялар көлемі 305 млрд теңгені құрады, ал 2026 жылы салаға инвестиция тарту 553,5 млрд теңге болады деп күтіледі. Көмір өнеркәсібінде шамамен 32 мың адам жұмыспен қамтылғанын атап өту қажет. Аталған секторды орнықты дамыту кезінде жұмыс орындарының өсуі күтіледі.
Ұлттық жоба тек жаңа станция салумен шектелмейді. Ол қолданыстағы нысандардың тиімділігін арттыруды да көздейді. Жаңғырту нәтижесінде энергетикалық жабдықтардың тозу деңгейін 13 пайызға төмендету жоспарланып отыр. Бұл электр станцияларының тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, апаттық тәуекелді азайтуға мүмкіндік береді. Жобаның маңызы тек энергетика бағытын дамыту ғана емес. Сенімді қуат көзі өнеркәсіптің одан әрі өсуіне, цифрлық экономиканың дамуына және жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуге негіз болмақ. Бұдан аңғаратын бір анық, электр энергиясы енді тек тұрмыстық қажеттілік емес, елдің жаңа экономикалық кезеңге өтуінің негізгі шартына айналып отыр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Энергетика министрлігі экология министрлігімен бірлесіп, бір ай ішінде қолданыстағы энергия көздеріне талдау жүргізіп, барлық станса бойынша «таза көмір» жүйесіне негізделген заманауи экологиялық технологияларды енгізуге байланысты жол картасын әзірлеп бекітсін. Қолданыстағы көмір электр стансаларында заманауи тазарту жүйелерін, оның ішінде фильтрлерді қолданып, кезең-кезеңімен енгізуді қамтамасыз ету қажет.
Бүгінде елдегі көмірдің ірі кен орындары Орталық Қазақстанда орналасқан Қарағанды, Торғай көмір бассейні, Шұбаркөл, Жалын кен орындары. Солтүстік-Шығыс өңірдегі, Екібастұз, Майкүбі көмір бассейні, Қаражыра кен орныдары бар. Биыл қатты отын өндіру көлемі 128,9 млн тонна болады деп жоспарланған. Межелі міндет ойдағыдай орындалса, экспорт көлемі де ұлғаймақ. Қазіргі таңда Қазақстанның көмірі Ресей, Өзбекстан, Түркия елдері жөнелтіледі. Ендігі мақсат «Таза көмірдің» заманауи технологияларына толық көшу керек. Үкімет басшысы осы мәселені ширатуды қажеттігін айттф. Олжас Бектенов бірқатар мемлекеттің органдарға тапсырма берді. Энергетика және экология министрлігі бірлесәп алдағы 1 ай ішінде жол картасын әзірлеу керек.
Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Абдулхамит Бөлекбаев