Теңге нығая ма? Мамыр айында доллар бағамы қандай болады
2026 жылдың алғашқы тоқсанындағы құбылмалы кезеңнен кейін теңге нығая бастады. Мамыр айының басында доллар бағамы 462–465 теңге аралығына дейін төмендеді, деп хабарлайды «24KZ» Economykz сайтына сілтеме жасап.
Ақпан айында доллар бағамы 489,2 теңге болса, наурызда – 496,0, сәуірде – 488,6 теңге болған.
Сарапшылардың айтуынша, мамыр айында валюта бағамына әсер ететін негізгі факторлар – салық кезеңі мен мұнай бағасы.
Ішкі факторлар
15–25 мамыр аралығында бірінші тоқсан бойынша салық төлемдері басталады. Осы кезеңде компаниялар теңгеге сұранысты арттырып, валюталық түсімді жиі айырбастайды. Бұл ұлттық валютаға уақытша қолдау көрсетуі мүмкін.
Сыртқы факторлар
Негізгі ықпал Brent мұнайының бағасына байланысты. Мұнай қымбат болған сайын экспорттан түсетін валюта көлемі артып, теңгеге қолдау күшейеді.
Мамырға арналған болжам:
– оптимистік сценарий: 446,3 ₸/$
– базалық сценарий: 463,8 ₸/$
– пессимистік сценарий: 481,3 ₸/$
Сарапшылардың базалық болжамы бойынша, мамырда доллар бағамы 463–465 теңге шамасында сақталуы мүмкін. Алайда ай соңына қарай салық кезеңі аяқталғаннан кейін курс қайтадан сыртқы факторларға — мұнай бағасы, импорт көлемі мен бизнес есеп айырысуларына көбірек тәуелді болады.