Қарағанды облысында металлургиялық кокс өндіретін зауыт салынады
Қарағанды облысында жылына 1 миллион тоннаға дейін металлургиялық кокс өндіретін зауыт салынады, деп хабарлайды «24KZ».
Үкіметтің ресми сайтында хабарланғандай, ҚР Энергетика министрлігі мен Kazakhstan Success Coking Energy ЖШС арасында инвестициялар туралы келісім мақұлданды.
Зауыт 2029 жылы іске қосылады. Алғашқы кезеңде кәсіпорын жылына 500 мың тоннаға дейін кокс өндіреді. Ал толық өндірістік қуатқа зауыт 2031 жылы шығуды жоспарлап отыр.
Жоба көмір шикізатын терең өңдеуді дамытуға, қосылған құны жоғары өнім шығаруға және Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға бағытталған. Инвестиция көлемі 63,5 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорында 500-ге дейін тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, жерасты шахтасының құрылысы тағы 500 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
«Көмір химиясы өнімдері энергетика, ауыл шаруашылығы, металлургия, фармацевтика және басқа да салаларда кеңінен қолданылады. Жоба кокс бойынша импортты айтарлықтай алмастыруға мүмкіндік береді. Ішкі нарық толық қамтылғаннан кейін артық өнім экспортқа шығарылатын болады», – делінген хабарламада.
Инвестор құрылыс барысында отандық өндірушілердің тауарлары, жұмыстары мен қызметтерін басымдықпен пайдалануға міндеттенеді. Бұл қазақстандық жеткізушілердің жүктемесін арттырып, жобаға байланысты салалар үшін экономикалық тиімділікті күшейтеді.