3,9 миллион теңге: Қазақстанда ең жоғары жалақыны кімдер алады
Сәуір айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер шамамен 104,7 мың бос жұмыс орнын жарияласа, ізденушілер 123,3 мың түйіндеме орналастырды, деп хабарлайды «24KZ».
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолданыстағы бос жұмыс орындары мен ұсынылған жалақы мөлшері туралы мәлімдеді.
Сәуір айында Қазақстанда жұмыс берушілер ең жоғары жалақыны келесі мамандарға ұсынған:
ұшқыштарға - шамамен 1,9 миллион теңге,
бағдарламалық қамтамасыз ету архитекторларына - шамамен 1,7 миллион теңге,
жабдықтарды сынау жөніндегі басшыға - шамамен 1,6 миллион теңге.
Бұл ретте ізденушілердің өздері түйіндемелерінде бұдан да жоғары жалақы күтетінін көрсеткен. Ең көп еңбекақы алғысы келгендер:
ұшқыштар - шамамен 3,9 миллион теңге,
стюардессалар - шамамен 2,1 миллион теңге,
бет-жақ хирургтері - шамамен 2 миллион теңге.
Жұмыс күшінің жалпы ұсынысы сұраныстан басым болуын жалғастырып отыр. Ізденушілердің белсенділігі жұмыс берушілермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары болды.
Бос жұмыс орындарының саны бойынша білім беру саласы көш бастап тұр - 20,2 мың ұсыныс. Одан кейінгі орында өзге де қызмет түрлері секторы - 15,5 мың бос жұмыс орны.
Сондай-ақ ауыл, орман және балық шаруашылығында (10,7 мың), өңдеу өнеркәсібінде (9,5 мың) және денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету саласында (9,4 мың) жоғары сұраныс сақталған.
Бос жұмыс орындарының ең көп саны Астанада (8,5 мың), Павлодар облысында (7,2 мың), Алматыда (6,7 мың), Ақмола облысында (6,6 мың) және Қарағанды облысында (6,4 мың) тіркелді.
Бос жұмыс орындарының шамамен 46 пайызы орта біліктілік деңгейіндегі мамандарға тиесілі. Жоғары білікті және төмен білікті позициялардың әрқайсысы 27 пайызды құрайды.
Ізденушілер тарапынан ұсыныс құрылымы сұранысқа жақын:
түйіндемелердің 42 пайызы орта деңгейге, 31 пайызы - жоғары деңгейге, 27 пайызы - төмен деңгейге тиесілі.
Үміткерлердің 39 пайызы - 35 жасқа дейінгі жастар. 35–44 жас аралығындағылар - 28 пайыз, 45–54 жастағылар - 20 пайыз, 55 жастан асқандар - 13 пайыз.
Гендерлік бөлініс бойынша түйіндемелердің 53 пайызы әйелдерге, 47 пайызы ерлерге тиесілі.