«Мойынты – Қызылжар» теміржол желісінің құрылысы биыл аяқталады

Фото: gov.kz

«Мойынты – Қызылжар» жаңа теміржол желісі биыл падалануға беріледі, деп хабарлайды «24KZ».

Көлік министрлігінің мәліметінше, ұзындығы 300 шақырымнан асатын жаңа теміржол желісі Қарағанды және Ұлытау облыстары аумағы арқылы өтіп, Мойынты мен Қызылжар станцияларын байланыстырады. Бұл учаске Транскаспий халықаралық көлік бағытының негізгі бөліктерінің бірі саналады. Жаңа желі іске қосылғаннан кейін жүк тасымалының қашықтығы 149 шақырымға қысқарады,

Мойынты – Жарық учаскесіндегі жүктеме азаяды, контейнерлік пойыздардың қозғалыс жылдамдығы артып, Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуеті күшейеді.

Қазіргі таңда негізгі жер жұмыстарының 90 пайыздан астамы аяқталды. Рельс пен шпал төсеу жұмыстары 40 пайызға орындалған. Көпірлер, құбырлар, жол өткелдері және мал өткелдері секілді нысандарды салу мен монтаждау жұмыстарының 65 пайыздан астамы біткен.

Жобаны жүзеге асыруға оннан астам мердігер ұйым тартылған. Құрылыс жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Нысанда 1700-ден астам маман мен 670-тен аса техника жұмыс істеп жатыр.