Түркістанда алып күн электр станциясы салынып жатыр: жобаға $307 млн инвестиция құйылды

Фото: gov.kz

Түркістан облысында қуаттылығы 300 МВт болатын күн электр станциясының құрылысы басталды. Жоба аясында энергия жинақтау жүйесі де іске қосылады, деп хабарлайды «24KZ».

Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нұралхан Көшеров, «China Energy Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясының өкілдері мен инвесторлар қатысты.

Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі «жасыл» экономиканы дамытуға және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға ерекше көңіл бөліп отырғанын айтты.

«Өткен жылдың желтоқсан айында біз осы жобаның іргетасын бірге қалап, уақыт капсуласын орнатқан едік. Бүгін құрылыс жұмыстарын ресми түрде бастап отырмыз. Түркістан облысының табиғи-климаттық жағдайы баламалы энергетиканы дамытуға өте қолайлы. Бұл 300 МВт күн электр станциясы өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, облыстың халықаралық инвесторлар алдындағы инвестициялық тартымдылығын арттырады деп сенемін», деді Нұралхан Көшеров.

Жобаның жалпы құны — 307 миллион доллар. Құрылыс кезінде шамамен 500 жұмыс орны ашылады. Ал станция іске қосылғаннан кейін жылына 674 миллион киловатт-сағат таза электр энергиясын өндіреді деп жоспарланып отыр.

Бұл — ШЫҰ саммитінен кейін Қазақстан мен Қытай арасында жасалған үкіметаралық келісім аясында жүзеге асырылып отырған алғашқы жоба.

Жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы «жасыл» энергетика саласындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асуда.

 Күн электр станциясын 2027 жылы пайдалануға беру көзделген.