Қазақстанда логистикалық процестер 2,5 аптадан 2 күнге дейін қысқарды

Фото: depositphotos.com

Астанада өткен V Еуразиялық экономикалық форум аясында «Жаңа заман жағдайындағы еуразиялық сауда және логистика» сессиясында  Қазақстанның цифрландыру және логистика саласындағы жетістіктері талқыланды, деп хабарлайды «24KZ».

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, цифрландыру мен жасанды интеллект Қазақстанның стратегиялық даму бағытына айналған. Елде мемлекеттік деңгейде 100-ден астам жоба жүзеге асырылып, жасанды интеллект инфрақұрылымы дамытылуда.

Министрдің мәліметінше, цифрлық шешімдер логистикалық процестерді айтарлықтай жеделдеткен. Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясындағы Digital Trade Corridor платформасы арқылы жүк тасымалдау мен құжат рәсімдеу уақыты 2,5 аптадан 1–2 күнге дейін қысқарған.

Сонымен қатар Smart Cargo және Keden жүйелері енгізіліп, Қазақстан–Қытай шекарасындағы кейбір рәсімдерден өту уақыты 30 минутқа дейін азайған.

 ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, платформаны пайдалану жекелеген логистикалық процестерді бірнеше аптадан 1–2 күнге дейін қысқарған. 

«Smart Cargo жүк тасымалын басқарудың цифрлық платформасы мен Keden кедендік рәсімдеу жүйесі енгізілуде. Соның арқасында Қазақстан-Қытай шекарасындағы кейбір транзиттік рәсімдерден өту уақыты шамамен 30 минутқа дейін қысқарды», деді министр.

Елде сондай-ақ e-Joldar жол инфрақұрылымын цифрландыру жүйесі, e-КТРМ техникалық реттеу платформасы және Agromarket цифрлық сауда алаңы іске қосылуда.

«Құрылып жатқан цифрлық сервистер сауда мен логистиканың тиімділігін арттыруға бағытталған ұлттық міндеттерді шешіп қана қоймай, ЕАЭО-ның бірыңғай цифрлық кеңістігін одан әрі дамытуға, өзара сауданы кеңейтуге және Одаққа мүше мемлекеттер экономикаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз қалыптастырады. Қазақстан үшін цифрландыру — бұл жай ғана технологиялық бағыт емес, сауда ағындарының жылдамдығын, ашықтығын және бәсекеге қабілеттілігін арттырудың практикалық құралы», - деп атап өтті Арман Шаққалиев.

Қатысушылардың пікірінше, бұл бастамалар Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде бірыңғай цифрлық логистика жүйесін қалыптастырып, сауда мен тасымалдың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.