Қазақстан мен Ресей өнеркәсіптік ынтымақтастықтығы нығайып келеді

Соның бір мысалы - Қарағанды облысының Саран қаласындағы болат құбыр шығаратын зауыт. Кәсіпорын ресейлік инвестордың қатысуымен ашылған.

Мұнда мұнай-газ саласына, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына және құрылысқа арналған өнімдер шығарылады. Бұрын құбыр негізінен шетелден әкелінсе, енді өндіріс ел ішінде жолға қойылды.

Мынадай үлкен құбырды желіде дәнекерлеуге небәрі 15 минут кетеді. Осы уақыт ішінде болат кесінділер толық өңдеу циклінен өтіп, газ және су жүйелеріне арналған құбырға айналады. жыл басынан іске қосылған кәсіпорын бүгінгі күнге дейін 10 мың тонна өнім өндірген. Жазда өндіріс көлемін ұлғайтып, айына 30 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Өндіріс ошағы - Қазақстанда заманауи технологияларды қолдана отырып, аса берік болат құбырлар шығаратын жалғыз зауыт.

Владимир Чекомасов, зауыттың өндіріс жөніндегі директоры:

- Әдетте кез келген құбырдың дәнекерленген бөлігі термиялық өңдеуден өтеді. Құбыр дәнекерленген кезде металл қатты қызады, ал бұл өте қауіпті. Біз мұнда кері күйдіру және шынықтыру қондырғысын орнаттық. Ол құбырдың жарылуына жол бермейді.

Кәсіпорында сұранысқа ие барлық диаметрдегі құбырлар шығарылады. Өнім сапасы зауыттың өз зертханасында сыналады. Мұнда мамандар өнімнің стандарттарға сәйкестігін бақылайды. Өндірістер үшін бұл сирек кездесетін жағдай, өйткені көбінесе сынақтарды арнайы ұйымдар жүргізеді.

Майя Филимонова, зауыт зертханасының меңгерушісі:

- Бұл зертхана кәсіпорын үшін, сапаны бақылау үшін өте маңызды. Біз өнімнің сапасына, оның беріктігі мен төзімділігіне сенімді болуымыз керек. Мемлекеттік және халықаралық талаптарға сай өнім шығару басты ұстанымымыз.

Зауытта 400 адам еңбек етеді. Қызметкерлердің арасында жас мамандар көп. Солардың бірі - Жанбота Айтбай. Ол зауыт ашылған күннен бастап автоматты желі операторы болып жұмыс істейді.

Жанбота Айтбай, желі операторы:

- Өзіме осында жұмысқа тұру және жаңа техниканы үйрену қызық болды. Өте қызықты. Бұл жерде бізге тегін тамақ, көлік бар. Өзім Қарағанды қаласында тұрамын. Қарағанды қаласынан осы жаққа қатынауға бізде тегін көлік бар.

Кәсіпорын мамандары Татарстандағы құбыр зауытында тәжірибе жинақтаған. Қарағандылық зауыт осы ресейлік кәсіпорынмен бірлескен өндірістік жобаны жүзеге асырып жатыр. Алдағы уақытта сырты қапталған құбыр өндірісі іске қосылады. Желі жабдықтарын  монтаждау жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал алғашқы өнім келер жылы шығарылмақ. Қазір жергілікті өндірістің құбырлары еліміздің түкпір-түкпіріне жеткізіліп жатыр.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит