Автомобиль өнеркәсібі қарқынды дамып келеді

24kz

Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі қарқынды дамып келеді.

Биылғы жылдың алғашқы бес айында елімізде 77 мыңнан астам автокөлік өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37 пайызға көп. Өндіріс көлемінің артуына байланысты кәдеге жарату алымы мәселесі қайтадан өзекті бола түсті. Осы тетікке қатысты пікірталастар әлі де жалғасып жатқанымен, Қазақстан автомобиль одағы бүгінде өндірушілер мен тұтынушылардың мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысып келеді. Сала өндірістік қуатын арттырып жатыр, ал сатып алушыларға автокөліктердің түр-түрі мен жаңа көлік сатып алудың бағдарламалары ұсынылуда.

Анар Мақашева, Қазақстан автомобиль одағының президенті:

- Қазақстандағы өндірістік қуаттарымыз бен автопаркті жаңартуға деген сұранысты салыстыратын болсақ, бұл қажеттілік өте жоғары екенін көреміз. Қазіргі таңда еліміздегі жеңіл автокөліктер паркі 5,6 миллионнан асады. Оның 50 пайыздан астамын пайдалану мерзімі 15 жылдан асқан ескі көліктер. Оларды жаңарту қажет. Кәсіпорындарымыздың өндірістік қуатына келсек, олар өз көліктерін тек Қазақстан нарығында ғана емес, сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде де сатуды жоспарлаған. Бүгінде тұтынушыларымыздға өте көп таңдау берілген. Олар Қазақстанда өндірілген отандық автокөліктерді де, ресми дилерлер арқылы сатылатын импорттық көліктерді де сатып ала алады. Себебі қазіргі уақытта ресми дилерлер ұсынатын жаңа автокөліктердің бағасы қолжетімді деңгейде, ал таңдау мүмкіндігі өте мол.