Мал дәрігері магистратураны тегін оқиды
Мал дәрігерлерінің жалақысы өседі.
Ауыл-аймақта 1300-ге жуық жаңа ветеринарлық пункт салынады. Сонымен қатар ветеринар мамандар жұмыс істеп жүріп, магистратураны тегін әрі небәрі бір жылда оқып шыға алады. Бұл өзгерістер саланы дамытуға арналған кешенді жоспарға енгізілген. Құжатқа сәйкес тағы қандай жаңашылдықтар бар?
Ветеринар жалақысы келер жылы өседі
Мал дәрігерлерінің жалақысы келер жылдың қаңтарынан бастап өседі. Мұны Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Тасқын Қызайбаев мәлімдеді.
Айтуынша, бүгінгі таңда ветеринар мамандар орташа есеппен 140 мыңнан 230 мың теңгеге дейін ғана айлық алып жүр. Саланы дамытуға арналған бес жылдық кешенді жоспар аясында олардың табысы енді 1,5-нан 2,5 есеге дейін артады. Жаңа құжат 8 бағытты қамтиды. Атап айтқанда, жалақыдан бөлек жануарлардың қауіпті ауруымен күрес шараларын күшейту, зертханаларды жаңарту, азық-түлік қауіпсіздігі, дәрі-дәрмек өндірісі мен экспорт әлеуетін одан әрі арттыру міндеті тұр.
Мал дәрігері магистратураны тегін оқиды
Ветеринария саласында 10 мыңға жуық маман еңбек етіп жүр. Олардың орташа жасы 45-47 шамасында. Министрліктің мәліметінше, елде 11 жоғары оқу орыны ветеринар маман даярлайды. Жыл сайын 1300-ге жуық грант бөлінеді. Алайда түлектердің көбі өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге құлықсыз.
Осыған байланысты енді білім беру бағдарламаларына да бірқатар өзгеріс енгізіліп отыр. Бұдан былай мемлекеттік грантпен оқыған мал дәрігері салада кемінде 3 жыл еңбек етуге міндетті. Оларға "Дипломмен ауылға" бағдарламасы негізінде әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ мал дәрігерлерінен бөлек қазір салада химик-талдаушы, ихтиопатолог, эпидемиолог, паразитолог және азық-түлік қауіпсіздігі инспекторлары жетіспейді. Кешенді жоспарға сәйкес, енді мұндай мамандықтар бойынша магистратураны бір жыл ішінде тегін аяқтау мүмкіндігі қарастырылып отыр. Қазір еңбек етіп жүрген қарапайым мамандар да жұмыстан шықпай-ақ, магистрант атана алады. Бұл мамандықтар Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты 3 университетте оқытылады. Олар Астана, Алматы және Орал қаласында орналасқан.
Тасқын Қызайбаев, ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары:
- Осы 3 ЖОО-да бір жылдық магистратура 6 мамандық бойынша дайындайды. Ол деген біздің қазіргі жұмыс жасап жатқан зертхана маманы, ветинспекторлар, мал дәрігерлері болса, осы біз айтқан 6 мамандық бойынша өздерінің оқуларына түсіп, жұмыстарынан айырылмай, бір жыл ішінде магистр атану мүмкіндігін береді. Бұл Үкімет тарапынан грант арқылы оқиды тегін.
Тасқын Қызайбаев, ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары:
- Жалақы көтеру деген мәселеміз, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап көтеріледі. 22 млрд теңге жыл сайын беріледі. Жыл сайын қосымша үстемақы беріледі. Осыған дейін 2, 4-топтағы патогенезбен жұмыс істейтін мамандарымызға биологиялық қауіпсіздігі заңы аясында берілген болатын, 50 пайызға көтерілген. Енді осы ветеринария туралы заңымыз аясында 22 млрд теңгеге қосымша үстемақы беріледі. Сонымен қатар оларға арнайы киімдер де мемлекет тарапынан берілетін болады.
Жаңа ветеринарлық станциялар салынады
Елде 206 ветеринарлық станция жұмыс істеп тұр. Ал ауылдық жерлерде 2300-ге жуық пункт бар. Алайда солардың 59 пайызында дербес ғимарат жоқ. Сала басшыларының ресми мәліметі осындай. Кешенді жоспар аясында жаңа нысандар салу жоспарланып отыр.
Алдағы екі жылда бұл жобаларға 66 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады. Соның нәтижесінде 72 аудандық ветеринарлық станса салынады. Ауылдарда 1278 жаңа ветеринарлық пункт қолданысқа беріледі. Онда төрт түлікті вакциналауға арналған қоражай да болады. Енді мал дәрігерлері ауылдағы әр қораны араламай-ақ, малды сонда емдейді. Бұған қоса 1049 мал қорымы пайда болады.
ЖАҢА НЫСАНДАР ҚҰРЫЛЫСЫ
ҚАРАЖАТ КӨЛЕМІ - ₸66,2 МЛРД
ВЕТЕРИНАРЛЫҚ СТАНСА - 72
ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ПУНКТ - 1 278
МАЛ ҚОРЫМЫ - 1 049
16 кәсіпорын мал препаратын өндіреді
Малға арналған дәрі-дәрмек өндірісіне тоқталсақ, елде мұндай өнім шығаратын 16 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Алайда солардың бәрі бірдей Джи Эм Пи ((GMP)) халықаралық стандартына сай емес. Енді барлығын осы талаптарға сәйкестендіру міндеттеледі. Өндіріс барысын тексеру үшін салада алғаш рет фармацевтика инспекторлары пайда болады. Олар келер жылдан бастап іске кіріседі.