Ноутбук, чип және сервер: Қазақстанда қандай техникаларға салық салынбайды?

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда бірқатар электрондық құрылғылар мен жабдықтарды импорттау 2030 жылға дейін қосылған құн салығынан босатылды. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді,деп хабарлайды «24KZ».

Аталған шешім аясында импорт кезінде ҚҚС төлеуден босатылатын тауарлар тізімі бекітілді. Жеңілдік компьютерлер, ноутбуктер, серверлер, микропроцессорлар, деректерді сақтау құрылғылары, мониторлар, проекторлар және жартылай өткізгіштер өндірісіне арналған жабдықтарға қолданылады.

Тиісті құжатқа Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қол қойған. Құжатқа сәйкес, салықтық жеңілдік тек дайын есептеу техникасына ғана емес, олардың құрамдас бөлшектеріне де қатысты.

Сонымен қатар тізімге жартылай өткізгіш құрылғылар мен интегралдық схемалар өндіруге арналған арнайы жабдықтар енгізілген. Олардың қатарында жартылай өткізгіш пластиналарды өңдеу және тазарту станоктары, кремний материалдарына өңдеу жүргізетін құрылғылар, микросхемалар өндірісінде қолданылатын техникалар бар.

Бұдан бөлек, заманауи микропроцессорлар, электрондық модульдер, навигациялық және қашықтан басқару құрылғылары, телерадио жабдықтар, кейбір теледидарлар, проекторлар және электрондық сөздік-аудармашылар да ҚҚС-дан босатылады.

Жаңа жеңілдік елдегі цифрлық инфрақұрылымды дамытуға және жоғары технологиялық өндірістерді қолдауға бағытталған.