Қазақстан IT саласындағы салықтық жеңілдіктерді 2045 жылға дейін ұзартпақ
Қазақстан IT саласы үшін салықтық жеңілдіктерді 2045 жылға дейін сақтап қалуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «24KZ».
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі еліміздегі технологиялық кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ұзақ мерзімді оңтайлы жағдайлар жасау аясында бірқатар жұмыстарды бастады.
Экономиканы цифрлық трансформациялау стратегиясын жүзеге асыру аясында ведомство Astana Hub қатысушыларын қолдаудың 2028 жылдан кейінгі параметрлерін 2045 жылға дейін жоспарлауды әзірлеуде.
Бұл бастама Қазақстанның аймақтық IT-хаб ретіндегі ұстанымын нығайтуға мүмкіндік беретін болжамды әрі бәсекеге қабілетті бизнес-ортаны құруға бағытталған. 2045 жылға дейінгі дамудың ұзақ мерзімді пайымы ЖИ саласындағы жаһандық трендтерді, экспорттық әлеуеттің ауқымын кеңейтуді және жоғары технологиялық инвестицияларды тарту қажеттілігін ескереді.
Атап өтер болсақ, Astana Hub цифрлық экономиканы дамытудағы тиімділігін дәлелдеді, сондықтан ведомствоның бүгінгі міндеті - қол жеткізілген қарқынды сақтай отырып, әрбір IT-компания үшін ондаған жылдарға жоспарлау мүмкіндігін қамтамасыз ететін, сапалы серпіліс жасау, -делінген хабарламада.
Қазіргі таңда Astana Hub экожүйесі сенімді өсім көрсетуде: хабта 2 268 компания тіркелген, 35 мың жоғары білікті жұмыс орны құрылған, 438 млрд теңге инвестиция тартылған, ал қазақстандық IT-шешімдердің экспорт көлемі 1,9 млрд АҚШ долларын құрады.
Қазіргі уақытта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі сарапшылар қауымдастығымен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жұмыстар аясында қолданыстағы тетіктерді талдап, бейімдеу жұмыстарын жүргізуде. Мұндағы басты назар инноваторлар үшін бірегей ортаны қалыптастыруға, адами капиталды дамытуға және ЖИ саласындағы озық шешімдерді енгізуге аударылады.
Astana Hub-тың дамуына арналған ұзақ мерзімді стратегияны қалыптастыру - Қазақстанды әлемдегі технологиялық бизнес үшін ең тартымды юрисдикциялардың біріне айналдыруды көздейтін мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз