18%-ға қысқарды: қазақстандықтардың автонесиеге деген қызығушылығы неге төмендеді?

Фото: depositphotos.com

Еліміздің автонесие нарығындағы қарқынды өсім бәсеңдей бастады, деп хабарлайды «24KZ».

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, 2026 жылдың І тоқсанында автонесиеге өтініш берушілер қатары 11%-ға азайса, банктердің несие беру көлемі 18%-ға қысқарған.

Бұған себеп – банктердегі пайыздық мөлшерлеменің шарықтауы, талаптардың қатаңдауы және осы уақытқа дейін көлік мінгісі келген халықтың несие алып үлгеруі, яғни нарықтың біртіндеп бәсеңдеуі.

2026 жылдың үш айында қазақстандықтар банктерге автонесие алуға 1,2 миллион өтінім жолдаған. Бірақ бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда аз.

Банктер тарапынан берілген жаңа автонесие сомасы 397,7 миллиард теңгені құрап, нарықтың басқа секторларына қарағанда жылдағыдан азайды.

Ұлттық банктің жоғары базалық мөлшерлемесі мен банктер үшін ақшаның қымбаттауынан, сондай-ақ автосалондардағы тартымды жеңілдіктер мен тиімді акциялардың азаюынан автонесиенің орташа пайызы бір жыл ішінде 14,8%-дан 24,3%-ға дейін көтерілді.

Оның үстіне, банктер де талапты күшейтті. Қазір автонесиеге берілген 100 өтініштің тек 15-і ғана мақұлданады, бұл жалпы басқа несиелердің мақұлдану көрсеткішінен (21,8%) әлдеқайда төмен.

Соған қарамастан, елдегі жалпы автонесие портфелі сәл де болса өсіп, 4,1 триллион теңгеге жетті. Көлік бағасының өсуіне және халықтың қымбатырақ сегментке ұмтылуына байланысты, сомасы 10 миллион теңгеден асатын ірі несиелердің үлесі 32,3%-дан 37,1%-ға дейін артты.

Қазақстандықтар көлік несиесін уақытылы төлеуге тырысады. Төлемі кешіккен несиелердің үлесі 2,9%-ды құрайды, бұл басқа бөлшек несиелермен салыстырғанда өте төмен.

Ал отандық автоөндіріс болса, несие нарығының салқындағанына қарамастан, қарқынын жоғалтпай, үш айда 44,4 мың көлік шығарып үлгерген.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз