«Кабул дәлізінің» құрылысы жүріп жатыр

Түлектер ғана емес, Қазақстан экономикасы да жаңа кезеңге аяқ басты. Биыл Орта дәліз арқылы жүк тасымалы 5 млн тоннадан асады.

Көпжылғы стратегиялық жоспар, тәуекелді жобалар өз жемісін бере бастады. Қазақ елі Батыс пен Шығыста Қытай мен Еуропаны жалғаса, енді оңтүстікте бірнеше елдің үстімен жол, терминал салып Үнді мұхитына шығуға бейіл.

Оңтүстік дәліз Түрікменстан, Ауғанстан арқылы Пәкістанға өтуге тиіс. Яғни Ақтаудан шыққан пойыз осы елдерді басып өтіп, Үнді мұхиты жағасындағы порттарға шығады. Ол үшін біздің ел Ауғанстан аумағында теміржол салады. Мамандар өңірдегі геосаяси жағдайларға қарамастан, Орталық және Оңтүстік Азияны байланыстыратын ауқымды логистикалық жоба іске асатынына сенімід.  «Қазақстан темір жолы» Кабул мен Исламабад шекарасындағы жағдайға қарамастан маңызды учаскелердегі құрылыс жүріп жатқанын хабарлады. Жоба уақытылы аяқталса, Трансауған магистралі арқылы жылына 22–34 млн тонна жүк өтеді. Демек, теңіз маршруттарына тиімді балама болады. Ал Оңтүстік Азияға жүк жеткізу уақыты 3 есе қысқарады. Бұүдан бөлек, Ауғанстанның өз басында 40 млн адам тұрады. Мұның өзі біз үшін айтарлықтай нарық.

Өңіраралық тасымал ағыны артады

Осы жоба аясында Өзбекстан Қазақстаннан келетін транзиттің бір бөлігін Қарақалпақстандағы «Оазис» пунктіне қарай бағыттауды ұсынып отыр. Бұл шамадан тыс жүк түсіп тұрған «Сарыағаш – Келес» шекара өткелін жеңілдетеді. Сосын өңіраралық тасымалды бірнеше есе жылдамдатуға сеп болмақ. 

Қазақстан мен Иран жүк тасымалын арттырмақ

Қазақстан Еуразиядағы логистикалық хабқа айналуға тиіс. Соның бірі - Ормуз бұғазы. Расында еліміз Иранмен өте қолайлы географиялық белдеуде орналасқан. Былтыр бір ғана «Солтүстік — Оңтүстік» бағыты арқылы жүк тасымалы  3,5 млн тоннаға жетті. Теміржол тасымалы 69% өскен. Енді тараптар дәліздің өткізу қабілетін жылына 20 млн тоннаға жеткізбек. Бұл Иран делегациясымен кездесу барысында белгілі болды. 

Гайдар Әбдікерімов, Еуроодақтың Global Gateway жобасы бойынша Транскаспий көлік дәлізінің үйлестіру  платформасының аға сарапшысы:

- Қазір Иранмен қатынас екі бағытта жүреді. Ол теңіз арқылы Ақтау, Құрық және Қазақстанның басқа порттары арқылы. Каспий теңізінің оңтүстік жағында, Иранның солтүстігінде орналасқан порттар арқылы, екіншісі жаңа теміржолдар салынған 2017 жылы іске қосылған Қазақстан, Түрікменстан, Иран теміржолы арқылы жүзеге асады. Сондықтан бұл екі бағыт арқылы 20 млн-ға жеткізуге болады. Ол жақсы меже.

Иран Қазақстанға жер телімін береді

Сөйтіп Иран Қазақстанға Бендер-Аббастағы Шахид Раджаи портынан жер береді. Сондай-ақ Чабахар портында жұмыс істей аламыз. Ал Қазақстан ирандық компанияларға Ақтау мен Құрық порттарында логистикалық инфрақұрылымды пайдалануға дайын екенін жеткізді. Мұны кеше үкімет басшысының орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин растады. 

Шетелдегі терминалдардың маңызы зор

Қазақстан шетелдерде өз терминалдарын да салып жатыр. Мақсат ауқымды. Оған жету үшін инфрақұрылымдық жобаларды кедергісіз, уақытында іске асыру міндет. Мұның жемісті боларын Ақтау порты көрсетіп отыр. Қазіргі өткізу қабілеті 80 мың тонна болса, бірер жылда 300 мыңнан асады. Алып кемелер жүзіп келу үшін су түбін тереңдету жүріп жатыр. Құрық порты да дамиды. Осы Орта дәліздің әлеуетін арттыруға Қытай, Еуроодақ, БАӘ және Түркия да атсалысып жатыр. Бірі логистикаға инвестиция құйса, бірі көліктік және цифрлық жобаларды қаржыландырады. Қазақстан осы мүмкіндікті пайдаланып, Қытай, Әзербайжан, Грузия порттарында терминал салып жатыр.

Гайдар Әбдікерімов, Еуроодақтың Global Gateway жобасы бойынша Транскаспий көлік дәлізінің үйлестіру  платформасының аға сарапшысы:

- Мұның маңызы дербестік. Себебі әрбір жүк ағынында «логистическое звено» дейді орыстар нүктесі болады. Мысалы, біздің осы уақытқа дейін шетелде салған терминалдарымыз салған қаржысын ақтап, стратегиялық тұрғыда мақсаттарын орындап жатыр. Мысалы, Ляньюньган порты. Контейнер өңдеуден әлемнің бірінші 15 портына кіреді. Сол жерде жасалған құрғақ портымыз қазір өте жақсы жұмыс істеп жатыр.

Орталық дәліз арқылы 125 пойыз контейнері өтті

Жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан арқылы Орталық дәлізбен 125 пойыз контейнері өткен. Бұл былтырғы кезеңнен 34% көп. Көрсеткішті еселеу транзит кірісін арттырып қана қоймайды, жаңа нарықтарға да жол ашады. Сарапшылар Құрық порты арқылы жүк тасымалы 22% өсіп, 2,45 млн тоннаға жеткенін айтады. Қазір Каспийдің сауда флотын дамытуға басымдық беріліп жатыр. Алдағы екі жылда кеме саны 18-ден 32-ге жетеді.