Атырауда «Қазыналы Каспий» форумы өтті
Атырауда балық шаруашылығының болашағына арналған «Қазыналы Каспий» атты халықаралық форум өтті.
Форумға Әзербайжан, Ресей мемлекеттерінің өкілдері, жетекші ғалымдар мен сарапшылар және сала мамандары қатысты. Каспий теңізінің экожүйесін сақтау және балық шаруашылығы кешенін одан әрі дамыту үшін стратегиялық маңызы бар мәселелерді талқыланды.
Атырау облысында былтыр 19 мың тоннадан астам балық ауланып, оның 6 мың тоннасы экспортқа шығарылды. Сыртқы нарықта балық өнімдеріне сұраныс жоғары. Сол сұранысты қанағаттандыру үшін 20-ға жуық шаруашылық балық түрлерін жасанды тоғандарда өсіре бастады. Ол ортақ теңіздегі экобалансты сақтап, балық түрлерін қолдан көбейтуге игі ықпал етеді, деді форумды ашқан өңір басшысы Серік Шәпкенов.
Серік Шәпкенов, облыс әкімі:
- Бүгінде біздің алдымызда Каспий теңізінің бірегей экожүйесін сақтау мен балық шаруашылығы кешененін тұрақты дамуы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету міндеті тұр. Жекелеген балық түрлерін аулауға қойылатын шектеулер уылдырық шашу орындарын қорғау және браконьерлікпен күрес шараларын ең алдымен Жайық өзені мен Каспий теңізіндегі табиғи балық популияциясын қалпына келтіруге бағытталған.
Өңірде жылына 100 тонна бекіре мен 1 тонна қара уылдырық өндіретін инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жалпы еліміз бойынша 700 астам тоған шаруашылығында 26 мың тонна балық өсіріліп жатыр.
Серік Сермағамбетов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы:
- Болашақта өзіміз қабылдаған бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін 270 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Аквакультураның ішінде 40-тан астам субьект осы өңірлерде орналасқан Оның өзі салаға үлкен жақсы серпін беретіні анық.
Бүгінде елімізде жалпы құны 60 млрд теңгені құрайтын 40-тан астам инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов