Қазақстандағы инвестиция динамикасы: кейбір өңірлер неге «кері кетті»?
Жыл басынан бері елде негізгі капиталға салынған инвестициялар жалпы өсімін жалғастырғанымен, өңірлер арасындағы даму қарқыны біркелкі емес, деп хабарлайды «24KZ» ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, инвестиция көлемі бойынша көшбасшылар қатарында Астана (833,5 млрд теңге), Алматы (768,8 млрд теңге) және Түркістан облысы (614,2 млрд теңге) тұр. Бұл өңірлерде ірі инфрақұрылымдық жобалар мен құрылыс және энергетика секторларындағы белсенділік жоғары деңгейде сақталған.
Ал ең төмен көрсеткіштер Абай (150,5 млрд теңге), Ұлытау (125,4 млрд теңге) және Жетісу (100 млрд теңге) облыстарында тіркелді. Дегенмен, сарапшылар мұны тек төмен нәтиже ретінде қарастырмау керек екенін айтады: шағын өңірлерде жан басына шаққандағы инвестиция көрсеткіші салыстырмалы түрде жоғары болуы мүмкін.
Сонымен қатар, 5 өңірде инвестиция көлемінің төмендеуі байқалды. Жетісу облысында көрсеткіш 27,8%-ға, Маңғыстауда 17,4%-ға, Қарағандыда 13,6%-ға, Қостанайда 2,4%-ға, ал Шымкентте 12,7%-ға азайған.
Салалық талдау бұл төмендеудің негізгі себептерін логистика, өңдеу өнеркәсібі, энергетика және құрылыс салаларындағы инвестициялардың қысқаруымен байланыстырады. Әсіресе Маңғыстау облысында коммуналдық инфрақұрылым мен бірқатар ірі жобалардың аяқталуы жалпы көрсеткішке айтарлықтай әсер еткен.
Ал Түркістан облысы керісінше айқын өсім көрсетіп, 58,4%-дық серпінмен ерекшеленді. Мұнда негізгі драйвер – энергетика саласы: электрмен жабдықтау жобаларына салынған инвестициялар бірнеше есеге артқан.
Жалпы ел бойынша инвестиция құрылымында жеке сектордың үлесі басым — салымдардың 85%-дан астамы кәсіпорындардың өз қаражаты мен қарыз есебінен қалыптасады. Мемлекеттік инвестиция үлесі әсіресе Жетісу, Қызылорда, Астана және Алматы қалаларында жоғары.
Жалпы алғанда, Ұлттық статистика бюросының деректері Қазақстанда инвестиция өсімі сақталғанымен, өңірлер арасындағы алшақтық пен салалық тәуелділік күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз