Digital Qazaqstan: жалпыұлттық стратегиясы қабылданды
Маусым айының басында Президент 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» ауқымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізудің жалпыұлттық стратегиясын бекіту туралы Жарлыққа қол қойғаны есімізде.
Стратегия елдің технологиялық дамуының басты құжатына айналады. Жаһандық цифрлық трансформация жағдайында мемлекетті, экономика мен қоғамды терең жаңғыртудың жаңа кезеңін айқындайды. Жалпыұлттық стратегия үш бағыттан тұрады. Олар азаматтардың, бизнес пен экономиканың және мемлекеттік аппараттың мүдделеріне негізделген.
Стратегиялық құжат елдің технологиялық ұлт құру жолын белгілеп береді. Нақты жоспар ұсынады және мемлекеттің осы саладағы стратегиялық бағыты мен негізгі жұмыс бағыттарын айқындайды. Институционалдық құжаттардың бүкіл циклін қалыптастырады. Бүгінгі таңда Қазақстан Орталық Азия аймағындағы үкіметтердің жасанды интеллектке дайындық индексі бойынша бірінші орында тұр. Жасанды интелектіні жаппай енгізу, өнеркәсіпті, жер қойнауын пайдалануды, логистика мен энергетиканы цифрландыру 2029 жылдың соңына қарай жылына орта есеппен 1,5 пайыздық тармақ деңгейінде жалпы ішкі өнімге қосымша үлес қосады. Ал үш жылдық кезеңдегі салыстырмалы нарықтық инвестициялардың болжамды көлемі 10 жарымнан 16,5 млрд АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін.
Аманат Рахимов, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі департаментінің басқарма басшысы:
- Қазақстан Орталық Азияда ғана емес, Еуразияда да көшбасшы позицияға ие. «Оксфорд инсайд» халықаралық талдау орталығы жариялаған мемлекеттік органдардың жасанды интеллектке әзірлік индексін 2025 жылғы рейтингіне сәйкес Қазақстан әлемнің 195 мемлекеті арасында 60-орынға ие болып отыр. 1 жыл ішінде бірден 16 пайызға жоғарылады.
Білім беруде балалардың ерте жастан бастап дамуының дербес ЖИ-маршруттары іске қосылады. Бұл білім алушылардың әлеуетін ашуға көмектеседі және жаңа ұрпақтың бойында озық цифрлық дағдыларды қалыптастырады. ЖИ-кадрларын ауқымды даярлау академиялық ортаны да, өңірлік IT-мектептерді де қамтиды. Ал халық арасында генеративті ЖИ-ді меңгеру деңгейі кемінде 20 пайызды құрауы тиіс.
Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
- Әңгіме дамудың жаңа моделіне көшу туралы болып отыр. Мұнда деректер, жасанды интеллект және заманауи технологиялар мемлекеттік басқарудың, экономика мен әлеуметтік саясаттың негізіне айналады. Біз жекелеген қызметтер мен процестерді цифрландырудан елдің тұтас цифрлық архитектурасын құруға көшіп жатырмыз. Азаматтар үшін бұл неғұрлым ыңғайлы және дербестендірілген мемлекетті білдіреді. Бизнес үшін өнімділіктің артуы, шығындардың төмендеуі және дамудың жаңа мүмкіндіктері. Экономика үшін жаңа салаларды қалыптастыру, инвестициялар тарту және Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін нығайту.
Бүгінде 600 мыңға жуық студент ақылды технологияларды толық меңгерді. Отандық «AI-Sana» бағдарламасы студенттер мен оқытушыларға ақылды жүйелерді өз мамандығында қолдануды үйретеді. Бағдарлама төрт кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңінде жасанды интеллектіні үйренсе, екінші кезеңде студенттер Stanford University мамандары әзірлеген онлайн курстардан өтеді. Курсты аяқтағандарға сертификат табысталады. Мәселен, Coursera арқылы шетелдік университеттердің, ал Astana Hub арқылы сол ұйымдардың сертификаты беріледі. Бағдарлама аясында бірнеше университетте интеллектуалды зертханалар ашылды. Осылайша, студенттерге университеттік біліммен қатар халықаралық білім бағдарламалары да қолжетімді.
Аян Рамазан, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры:
- Мемлекет басшысының бастамасымен биыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Осыған байланысты Үкімет арнайы іс-шаралар жоспарын әзірледі. Құжаттың басты мақсаты – алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру. Бұл ретте жоғары білім беру жүйесіне ерекше міндет жүктеледі. Яғни ел экономикасына жасанды интеллектті меңгерген, еңбек нарығындағы өзгерістерге бейім білікті мамандар даярлау көзделген.