Былғары өнім өндірісі 36 пайызға артты
Бүгін - елде қолөнершілер күні. Қолөнер жай ғана атакәсіп емес, мемлекеттің мәдени және экономикалық мәртебесіне оң ықпал ететін маңызды сала.
Шеберлер жыл сайын өндіріс қуатын арттырып келеді. Мәселен, былтыр әшекей бұйымдар жылдағыдан 41 пайызға көп өндірілген. Ал биыл бес ай ішінде былғарыдан жасалған өнім көлемі 36 пайызға көбейді.
Нарықта былғары өнімдеріне қай кезде де сұраныс жоғары. Өйткені көпшілік сапаға мән береді. Соған сәйкес, өндіріс қуаты да артып келеді. Сандарды сөйлетейік. Биыл қаңтар-мамыр аралығында былғары мен одан жасалған өнімдер көлемі 36 пайызға көбейді. Соның ішінде сапарға арналған бұйымдар мен ер-тұрманның үлесі басым. Былтырғыға қарағанда 47 пайызға артып отыр. Одан кейін 39 пайыз өсім көрсеткен аяқ киім өндірісі тұр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметі осындай. Ал аймақтар арасындағы көрсеткішке тоқталсақ. Өндірістің басым бөлігі оңтүстік өңірлерге тиесілі. Атап айтқанда, Алматы облысы көш бастап тұр. Былтыр осы өңірдің шеберлері 2 жарым млрд теңгеге жуық тауар өндірген. Бұл - елде шығарылған былғары өнімдерінің 35 пайызы. Одан кейін тізімді Алматы қаласына жалғайды. Оңтүстік астанамызда биыл 5 айда 967 млн теңгенің өнімі нарыққа жол тартты. Ал алдыңғы үштікті Жамбыл облысы түйіндеп тұр. Әулиеата өңіріндегі кәсіпорындар 776 млн теңгеге тауар өндіріп отыр.
Былғары өнім өндірісі
2026 қаңтар-мамыр - 36%
сөмке, ер-тұрман - 47,6%
аяқ киім - 39,9%
Былғары ең көп өндірілетін өңірлер
Алматы облысы - ₸2,4 млрд
Алматы қаласы - ₸967 млн
Жамбыл облысы - ₸776,8 млн
4,5 мың кәсіпкер зергерлік бұйым сатады
Ел экономикасына зергерлер де зор үлес қосып жүр. Былтыр он ай ішінде олар жалпы құны 4 млн доллардан астам бағалы әшекейлер өндірген. Бұл алдыңғы жылдың дәл осы кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 41 пайызға көп. Ал импорт және халықаралық көрмелер үшін ел аумағына кіргізілген тауар қүны 174 млн доллардан асты. Солардың кері қайтарылған үлесі мен экспортты қоса алғанда, сыртқа шығарылған өнім көлемі 54 млн доллар шамасында болды. Салалық министрліктің мәліметіне қарағанда, елде зергерлік бұйымдар сатумен 4 500-ден астам адам айналысады. Олардың ішінде 10 пайызы - тауарөндірушілер. Алдағы уақытта әрбір зергерлік бұйымға цифрлық таңба қойылады. Бұл талап көлеңкелі бизнестің жолын кесу үшін енгізіліп отыр. Өйткені кейінгі жылдары бағалы әшекейлерді заңсыз саудалау деректері жиілеп кетті, дейді мамандар.
Назгүл Тұрашева, TAÑBA Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының жоба менеджері:
- Таңбалау барлық металл түріне бірдей қолданылмайды. Ол тек ҚР заңнамасында белгіленген бағалы металлдардан жасалған зергерлік бұйымдарға қатысты болады. Яғни бұл жерде алтын, күміс және басқа да бағалы металлдардан жасалған бұйымдар таңбаланады.
Зергерлік бұйымдар өндірісі
2025 ж. Қаңтар-қазан $4,1 млн
Өсім 41,3%
Импорт $174,7 млн
Экспорт және реэкспорт $54,5 млн
Жиһаз өндірісі 56 пайызға өсті
Сондай-ақ отандық кәсіпкерлер жасаған жиһаздар ішкі нарықтан шетелдік өнімдерді ығыстыра бастады. Былтыр шығарылған тауарлардың құны 165 млрд теңгеден асып жығылып, 56 пайыз өсім байқалды. Саланың дамуына бірнеше фактор ықпал етті. Біріншіден, елде құрылыс саласы қарқын алып келеді. Яғни жаңа әлеуметтік және бизнес нысандарының салынуы жиһазға деген сұранысты артыра түсетіні белгілі. Екіншіден, салада кәсіпкерлер көбейді. Қазіргі таңда 1800-ден астам бизнес субъектісі тіркелген. Олардың көбі Алматы, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында орналасқан. Елде өндірілген жиһаздардың 57 пайызы дәл осы өңірлерге тиесілі. Жиһаз түрлерінің көбі ағаштан жасалады. Ал елде орман қорының үлесі тым аз, сондықтан шикізаттың барлығы дерлік шетелден сатып алынады. Бұрын дайын материал ғана импортталса, қазір кәсіпкерлер ағашты өз бетінше өңдеуге қауқарлы.
Ернар Жақсылық, Qazindustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығының бас сарапшысы:
- Қазіргі уақытта Қазақстанда ағаш аз болғандықтан шетелден оны алып келіп, өзіміз өңдеп, дсп, мдф, шпон деген сияқты материалдарға дейін жеткізіп, өзіміздің кәсіпкерлер әрі қарай жиһаз жасап кетеді.
Былтыр дәл осы салада негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7 млрд теңгеге жуықтады. Соның 70 пайызы Түркістан облысының еншісінде. Индустрия және экспорт орталығының мәліметіне сүйенсек, қаражаттың негізгі бөлігі кеңсе және сауда орындарына қажетті жиһаз жасауға жұмсалып отыр.