Атом саласының бейбіт мүмкіндіктері молаяды

Курчатов шаһарына «ғылым қаласы» мәртебесі беріледі. Бұл ядролық ғылымды, инжинирингті және жоғары технологиялық өндірісті дамытуға жол ашады. 

Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде «МИФИ» Ұлттық зерттеу ядролық университетінің студенттерімен және Біріккен ядролық зерттеулер институтындағы қазақстандық жас ғалымдармен кездесуде осылай деп мәлімдеді.  Басқосуда студенттер отандық ғылымды дамыту және жас зерттеушілерді қолдау мәселелері бойынша өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Алмасадам Сәтқалиев Мемлекет басшысы жақында қол қойған ғылым мәселелері жөніндегі заң ғалымдардың әлеуметтік кепілдіктерін күшейтіп, Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін арттыратынын айтты. Айта кетейік, биылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы аясында атом саласы мамандарына жыл сайын 20 стипендия көлемінде арнайы квота бөлінеді.