15 қыркүйекке дейін салықтың бір бөлігін қайтарып үлгеріңіз: нені білу керек?
Көптеген қазақстандықтардың бұрын төлеген салықтарының бір бөлігін қайтарып алу мүмкіндігі бар. Алайда олардың басым бөлігі мұндай құқыққа ие екенін білмейді, деп хабарлайды «24KZ».
Qazaq Expert Club сарапшысы, салық кеңесшісі Раушан Тасшойынованың айтуынша, 15 қыркүйекке дейін жеке тұлғалар 2025 жылға арналған 270.00 -нысан бойынша декларацияны тапсыруы тиіс. Көпшілік үшін бұл 2025 жылы төленген жеке табыс салығының (ЖТС) бір бөлігін қайтарудың соңғы мүмкіндігі болмақ.
Сарапшы қазақстандықтардың қандай жағдайларда салықты артық төлейтінін және декларацияны тапсырар алдында нені міндетті түрде тексеру қажет екенін түсіндірді.
«Қазақстандықтар көбіне өздеріне тиесілі салықтық шегерімдерді пайдаланбағандықтан қаржы жоғалтады.
2025 жылы оқу ақысын, медициналық қызметтерге жұмсалған шығындарды және ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша сыйақыны салық салынатын табыстан шегеруге болатын еді. Егер адам бұл шегерімді жұмыс беруші арқылы рәсімдемесе, декларация тапсырған кезде оны өз бетінше көрсетуге құқылы», – дейді Раушан Тасшойынова.
Сонымен бірге әрбір салықтық шегерім түріне қатысты өз шарттары мен шектеулері болған.
Мысалы, білім беру бойынша шегерім тек мектепке дейінгі, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім алуға жұмсалған шығындарға ғана қолданылды. Медициналық шегерім косметологиялық қызметтерге қолданылмайды, ал ипотека бойынша тек тұрғын үй қарызының сыйақысын төлеуге жұмсалған шығындар ғана есепке алынады.
«Шегерімді пайдалану үшін 270.00-нысан бойынша декларация тапсырып, оны растайтын құжаттарды қоса беру қажет. Егер қайта есептеу нәтижесінде жеке табыс салығы артық ұсталғаны анықталса, салық төлеуші артық төленген соманы қайтаруға құқылы,» – деп түсіндіреді сарапшы.
Ол сондай-ақ 2025 жылы жұмыс беруші арқылы өзге шегерімдердің алдын ала сомасын қолданған азаматтарға ерекше назар аударуға кеңес береді.
Бұл жағдайда декларацияны растайтын құжаттармен бірге тапсыру – салық заңнамасында белгіленген міндет.
«Артық төленетін салықтың тағы бір кең таралған себебі – мүлік пен көлік салығына қатысты. Бұл салықтар мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде автоматты түрде есептеледі. Егер ақпарат кеш жаңартылса немесе қате болса, салық дұрыс есептелмеуі мүмкін.
Мысалы, автокөлік сатылып кеткенімен, жаңа меншік иесі туралы мәлімет жүйеге әлі енгізілмеген болуы мүмкін. Нәтижесінде салық төлеу туралы хабарлама бұрынғы иесіне келеді. Осындай жағдайлар жылжымайтын мүлікке қатысты да кездеседі», – дейді ол.
Сонымен қатар көптеген қазақстандықтар мүлік салығы бойынша жеңілдіктерге құқығы бар екенін білмейді.
Мұндай жеңілдіктер, атап айтқанда, ардагерлерге, мүгедектігі бар адамдарға, жетім балаларға, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-ананың біреуіне, «Алтын алқа» алқасымен марапатталған көпбалалы аналарға, сондай-ақ бөлек тұратын зейнеткерлерге беріледі.
«Тағы бір кең таралған қате түсінік банк депозиттеріне қатысты. Көпшілік депозит бойынша алынатын сыйақыға жеке табыс салығы салынады деп есептейді. Шын мәнінде, Қазақстан банктеріндегі депозиттер бойынша жеке тұлғалардың сыйақы түріндегі табыстары жеке табыс салығынан босатылған. Алайда бұл жеңілдік тек Қазақстан банктерінде ашылған депозиттерге ғана қолданылады. Ал шетелдік банктердегі депозиттерге мұндай босату Салық кодексінде қарастырылмаған», – дейді сарапшы.
Сөз соңында Раушан Тасшойынова декларацияны тапсырмас бұрын 2025 жылы қолданыста болған барлық салықтық шегерімдерді пайдаланған-пайдаланбағаныңызды, мүлік пен көлік салығының дұрыс есептелгенін, сондай-ақ өзіңіздің салықтық жеңілдіктерге құқығы бар азаматтар санатына жататыныңызды тексеруге кеңес береді.
«Алайда бұл тек 2025 жылғы табыстарға қатысты екенін атап өткім келеді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ережелер өзгерді. Оқу, медициналық қызметтер, ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша сыйақы және басқа да бірқатар шегерімдер алынып тасталды. Олардың орнына 30 АЕК мөлшерінде бірыңғай базалық шегерім енгізілді», – деп түйіндеді салық кеңесшісі.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз