Үкіметте экономиканың жарты жылдық қорытындысы қаралды
Инвестиция тарту жөнінен Ұлытау, Жамбыл, Түркістан, Абай облыстары алда келеді.
Үкімет басшысының орынбасары әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкімет отырысында биылғы инвестицияның өсіміне тоқталды. Алғашқы алты айда негізгі капиталға салынған демеуқаржы 9,5 трлн теңгені құрапты. Оның ішінде жеке инвестициялар үлесі 21 пайызға ұлғайған. Бұл құрылыс, қайта өңдеу, көлік инфрақұрылымы салаларына тартылған қаржы есебінен мүмкін болды. Жарты жылда Қазақстанның жалпы ішкі өнім көлемі жарты жылда 4,1 пайызға өскені дәл осы салалардағы серпіліске байланысты болып отыр.
Бақыт Топтаева, тілші:
- Экономикалық өсім шикізаттық сектор емес, өзге салалардың есебінен мүмкін болды. Премьер-министр орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин биыл өсім қарқыны тұрақты түрде 5%-дан асқанын атап өтті. Ең жақсы нәтиже құрылыс, өңдеу өндірісі, көлік және сауда салаларына тиесілі. Қызмет көрсету саласы, 3,5%-ға өскен. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені мен байланыс саласында да оң динамика сақталады.
Серік Жұманғарин, Премьер-министрдің орынбасары, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Инвестициялардың неғұрлым көп өсуі келесі салаларда байқалады. Ақпарат және байланыста 2,3 есеге, құрылыста 38,7 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде 33,3-ке, ауыл шаруашылығында 34,6, көлік саласында 11,6 пайызға. Инвестициялардың жоғары өсімі Ұлытау, Жамбыл, Түркістан, Абай облыстарында байқалды.
Бақыт Топтаева, тілші:
- Ал қаңтар-мамыр айларында тауар айналымы $56 млрд доллардан асып жығылды. Экспорт $30,5 млрд-қа жетсе, импорт $26 млрд ақш долларын құраған. Ал жалпы ішкі көлемдегі шағын және бизнес үлесі 41 пайызға жуықтапты.
Ауыл шаруашығы саласы да ауыз толтырып айтарлық нәтижеге қол жеткізді. Мұнда 104,4 пайыздық өсім тіркелкен. Бұған дейінгі меже 103,7 пайыз болған еді. Онысы 0,7 пайыздан асыпты.
Азат Сұлтанов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Бұл жолғы өсімнің басым бөлігі өсімдік шаруашылығының есебінен қамтамасыз етілді. Өйткені дәл осы кезеңде еліміздің солтүстік және оңтүстік өңірлерінде дәстүрлі түрде күздік дақылдарды жинау науқаны басталады. Сонымен қатар жабық топырақта өсірілетін көкөніс өндірісі де едәуір артты. Бұған жылыжай шаруашылықтарына мемлекеттік қолдау шаралары аясында айналым қаражатын толықтыруға арналған жеңілдетілген қаржыландырудың жаңа тетігінің енгізілуі оң әсерін тигізді.
Бақыт Топтаева, тілші:
- Алты айдың қорытындысы бойынша сауда көлемі 36 трлн теңгеден асты. Былтырғыдан қарағанда бұл 15,3%-ға жоғары. Көтерме сауда 6,6%-ға, бөлшек сауда 3,8%-ға өскен. Соңғы бес жылда көлік саласының жалпы өнімі 3 есе өсті. Үкімет отырысы кезінде Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев та сөз алды. Ведомство басшысының айтуынша, Биылға белгіленген жоспар - 14 трлн теңгеден асыру. Олжас Бектенов елдің әл-ауқатын арттыру мақсатында отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын толық қолданып, металлургия өндірісін кеңейтуді тапсырды. Сонымен бірге барлық инвестициялық жобаларды тексеруге бір апта уақыт берді.
Бақыт Топтаева, Мұрат Әріпхан