Отандық өндірушілермен ₸466 млрд-қа келісім жасалды

Биыл жер қойнауын пайдаланушылар мен квазимемлекеттік сектордың ірі компаниялары қазақстандық кәсіпорындармен жалпы құны 466 млрд теңгеден асатын келісімшарт жасасты.

Заңнамаға сәйкес, енді барлық ірі компаниялар мен мемлекеттік органдар тауарлар мен қызметтерді тек отандық өндірушілерден сатып алуға міндетті. Бұл отандық кәсіпорындарды тұрақты тапсырыспен қамтамасыз етіп, өндірісті кеңейтуге мүмкіндік береді. Ал адал бизнесті қорғау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында «Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі» цифрлық жүйесі іске қосылды. Бұл жалған өндірушілерді анықтап, нақты өндірістік қуаттарды тексереді. Қазір платформада 6,6 мыңнан астам компания тіркелген.