Алматы – Қаскелең жолын 8 жолаққа дейін кеңейту жұмыстары басталды

Фото: gov.kz

«Алматы – Бішкек» автожолының мегаполистен Қаскелеңге дейінгі сегіз шақырымын кеңейту жобасы іске асырыла бастады, деп хабарлайды «24KZ».

Көлік министрлігінің мәліметінше, жол 8 жолаққа дейін кеңейтіледі. 

Енді Алматы қаласынан Қаскелеңге дейін кідірмей жетуге болады. Жоба жолдағы кептелісті азайтып, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруды көздейді.

Жобаны іске асыру аясында қолданыстағы жол учаскесінде заманауи көлік инфрақұрылымы қалыптастырылады. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 527 метр болатын 9 жерүсті жаяу өткел, жалпы ұзындығы 282 метрлік 2 кері бұрылыс көлік айрығы, 23 автобус аялдамасы, ұзындығы 12,9 км сыртқы жарықтандыру жүйесі, су өткізу құрылыстары және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи элементтер салынады. Сонымен бірге ұзындығы 18,5 шақырымнан асатын металл тосқауыл қоршаулар орнатылып, 305 жол белгісі қойылады.

Қазір құрылысқа қажетті жол-құрылыс техникасы мен мамандар толық жұмылдырылған. Жұмыс алаңында экскаваторлар, бульдозерлер, автосамосвалдар, фронтальды тиегіштер, автогрейдерлер және өзге де арнайы техникалар жүр.

Құрылыс алаңында дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр: топырақтың құнарлы қабаты алынып, жол жолағы шегіндегі жасыл желектер тазартылып, құрылыс жұмыстарының келесі кезеңдерін жүргізуге арналған аумақ әзірленіп жатыр.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз