Цифрлық теңге тамыздан бастап мемлекеттік сатып алуларда қолданылады

gov.kz

Қазақстан Үкіметі жыл соңына дейін цифрлық теңгені пайдалану аясын 100-ден астам жобаға дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. Ал тамыз айынан бастап ол мемлекеттік сатып алу жүйесіне толық енгізіледі, деп хабарлайды «24KZ» Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет мәліметінше, тамыз айында Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау бойынша барлық техникалық жұмыстар аяқталады. Бұл мемлекеттік сатып алуларда цифрлық теңгеге толығымен өтуге мүмкіндік береді.

Цифрлық теңгені енгізу бойынша пилоттық жобалардың аралық нәтижелері Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында қаралды.

 Қаржы министрлігінің ақпараты бойынша, бүгінде цифрлық теңге платформасының мәртебесі мен оның жұмыс істеу тәртібі заңнамалық түрде бекітілді. Айналымға 340 миллиард цифрлық теңге шығарылды. Оларды пайдалану арқылы 20 пилоттық жоба жүзеге асырылды, тағы 10 жоба іске асыру сатысында, ал 50-і іске қосуға дайындалуда. Пилоттық жобалар инфрақұрылымдық құрылысты, бюджеттік кредит беру мен субсидиялауды, гранттық қаржыландыруды, мемлекеттік қолдау шараларын, мемлекеттік сатып алуларды, салықтық әкімшілендіруді, сондай-ақ Ұлттық банк пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуларын қамтиды. Құны 100 млн теңгеден асатын жобалар үшін бюджеттік шығыстардың сегіз ерекшелігі бойынша цифрлық теңгені міндетті түрде қолдану көзделген.

Сонымен қатар, тамыз айында цифрлық теңгені тауарларды, дәрі-дәрмектерді, жанар-жағармай материалдарын және басқа да материалдық қорларды мемлекеттік сатып алу кезінде пайдалану жоспарлануда.

Жиынға қатысушылар жобаны одан әрі кеңейтуге кедергі келтіретін мәселелерге де ерекше назар аударды. Негізгі түйткілдердің бірі - бюджет қаражатының бас мердігерден соңғы орындаушыға дейін жұмсалуын толық бақылауды қамтамасыз ету. Іс жүзінде қосалқы мердігерлік ұйымдар цифрлық теңгені пайдалану үшін смарт-келісімшарттар жасасуға жиі дайын болмай жатады, өйткені қолданыстағы заңнамада мұндай талаптар қарастырылмаған. Осы кедергіні жою үшін Қаржы министрлігі тиісті құқықтық актілерге қажетті түзетулер пакетін дайындады.