Ауыл мектептері Қазақстан экономикасы өсімінің басты резерві атанды

Фото: Qazaq Expert Club

Қазақстан экономикасының өсуі туралы сөз болғанда, әдетте мұнай бағасы, өнеркәсіпті дамыту, инвестиция тарту немесе жаңа өндірістерді іске қосу мәселелері талқыланады. Алайда экономикалық өсудің ең бағаланбайтын резервтерінің бірі мүлде басқа салада – білім беруде. Ең алдымен, ауыл мектептерінде, –дейді Qazaq Expert Club-қа шақырылған білім беру саласындағы сарапшы Жазира Асанова.

Бұл байланысты ірі халықаралық зерттеулер де растайды. The Knowledge Capital of Nations зерттеуінің авторлары Эрик Ханушек пен Людгер Вёссманн ұзақ мерзімді экономикалық өсімнің негізгі факторы білім сапасы екенін анықтаған. Олардың бағалауынша, когнитивтік дағдылар деңгейінің бір стандартты ауытқуға жоғарылауы жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің жыл сайынғы өсіміне шамамен қосымша екі пайыздық тармақ қосады.

Сонымен қатар, экономикалық әсері тіпті дамыған елдердің өзінде өте ауқымды болады. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, табыс деңгейі жоғары ЭЫДҰ елдері үшін дисконтталған ЖІӨ өсімі қазіргі ЖІӨ көлемінің шамамен 162%-ын құрайды. Орташа табысты елдерде бұл көрсеткіш қазіргі ЖІӨ-ден сегіз еседен астам жоғары, ал табысы орташадан төмен мемлекеттерде 1302%-ға дейін жетеді.

Қазақстан үшін бұл мәселе ерекше өзекті. Дүниежүзілік банк болжамынша, экономика 2025 жылы 6,5%-ға өскеннен кейін, өсім қарқыны 2028 жылға қарай біртіндеп шамамен 3,5%-ға дейін баяулайды.

Сарапшылардың пікірінше, одан әрі дамуды тежейтін негізгі факторлардың бірі – еңбек өнімділігіне, инновациялық белсенділікке және жоғары қосылған құны бар өнім өндіру қабілетіне тікелей әсер ететін адами капиталдың жеткіліксіз деңгейі.

Зерттеулер тағы бір маңызды заңдылықты көрсетеді: ең жоғары экономикалық нәтиже тек ең үздік оқушыларды қолдау арқылы емес, оқушылардың функционалдық, математикалық және жаратылыстану сауаттылығы, сондай-ақ практикалық мәселелерді шешу дағдылары сияқты базалық құзыреттерді меңгермегендерінің үлесін азайту арқылы қол жеткізіледі.

Бүгінде қазақстандық оқушылар ЭЫДҰ елдеріндегі құрдастарынан тұрақты түрде 1,5–2 оқу жылына қалып келеді. Бұл айырмашылықтың елеулі бөлігі ауылдық жерлерден бастау алады. Қазақстан оқушыларының шамамен жартысы – 48%-ы ауылдық жерде білім алады. Сондықтан ауыл мектептеріндегі білім сапасының салыстырмалы түрде аз ғана жақсаруының өзі ел экономикасына айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

15 жасқа келгенде ауыл оқушысы шамамен 0,5–1 оқу жылына қалып қояды. Оқу сауаттылығы бойынша алшақтық бастауыш мектептен-ақ қалыптаса бастайды. Ауыл мектебінде балаға көбірек көңіл бөлінеді, бірақ оның айналасындағы мүмкіндіктер аз. Компьютер саны көбірек болғанның өзінде, ауыл мектептерінде сапалы интернет пен бастауыш сыныптар және жаратылыстану пәндеріне арналған заманауи кабинеттер сирек кездеседі. 

Ал инфрақұрылым мәселесі шешілген жерде сапалы педагог кадрларының тапшылығы байқалады.

Мұның бәрі бүгінгі таңда ауылдағы білім беру жүйесі елдің адами капиталын дамытудың ең ірі резервтерінің бірі екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, Қазақстанда бұл міндетті шешудің негізі қазірдің өзінде қалыптасқан. Соңғы жылдары 193 тірек мектептен тұратын желі құрылды (аумақтың ерекшелігіне қарай әр өңірде орта есеппен 11 мектептен), онда 135 мыңнан астам бала білім алады. Әрбір тірек мектепке тәжірибе алмасатын 2–3 магниттік немесе шағын жинақты мектеп бекітілген. Тіпті шамамен есептегеннің өзінде, әрбір осындай мектеп орта есеппен көршілес ауылдардағы 20–30 педагог пен шамамен 200 бала үшін әдістемелік және ресурстық қолдау орталығына айналып отыр.

Жоба 2019 жылдан бері қоғамдық қорлар мен әлеуметтік инвестициялар есебінен жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі таңда олардың жалпы көлемі шамамен 65 млрд теңгені құрады.

Соның нәтижесінде шамамен 7 мың оқу кабинеті жаңартылып, мектептерге 2,6 миллионға жуық заманауи құрал-жабдық жеткізілді. Сондай-ақ 12 мың мұғалім мен мектеп директорынан тұратын педагогикалық ұжым, сондай-ақ білім бөлімдерінің әдіскерлері мақсатты біліктілікті арттыру бағдарламасынан өтті.

Алғашқы нәтижелер бұл тәсілдің тиімділігін көрсетіп отыр. Оқушылардың білім сапасына жүргізілген сыртқы мониторингке сәйкес, мектептер жобаға қосылғанға дейінгі және кейінгі көрсеткіштердің өсімі орта есеппен 8–10%-ды құрады. Біліктілік санаты бар педагогтердің үлесі 63%-дан 79%-ға дейін өсті, қосымша біліммен қамту деңгейі 45%-дан 60%-ға дейін артты, ал олимпиадалар мен зияткерлік байқаулардың жеңімпаздары саны екі есеге жуық көбейді.

Іс жүзінде бүгінде жаңа реформаны бастау туралы емес, нақты нәтижелер бере бастаған модельді кеңейту туралы сөз болып отыр.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ауылдық жерлерде жеке мектептерді емес, педагогтерді, инфрақұрылымды және әдістемелік ресурстарды мықты тірек орталықтарының төңірегіне біріктіретін білім беру желілерін дамыту әлдеқайда тиімді.

Бұл ресурстарды тиімді пайдалануға және білім беру теңсіздігін біртіндеп азайтуға мүмкіндік береді.

Адами капитал бірден нәтиже бермейді. Оның әсері ондаған жылдармен өлшенеді. Бірақ дәл осы фактор экономиканың қаншалықты өнімді болатынын, елдің жаңа технологияларды қаншалықты жылдам енгізіп, жоғары қосылған құны бар өнім шығара алатынын айқындайды.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) – әлемнің ең дамыған 38 мемлекетін біріктіретін ұйым. Ол түрлі салаларды талдаумен айналысады. ЭЫДҰ зерттеулері әлемдік стандарттардың бірі саналады және оларға үкіметтер мен халықаралық сарапшылар жиі сүйенеді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз